11:02, 10 Қаңтар 2010 | GMT +5
Жаңа жылдың алғашқы күнінде Қызылордада өмірге келген нәрестелер саны былтырғыдан көп
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Жаңа жылдың алғашқы күнінде Қызылорда қаласында өмірге келген нәрестелер саны былтырғыдан біршама көп болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қалалық перзентханасының статист-дәрігері Роза Қамысбаеваның мәліметтеріне жүгінсек, қаңтардың 1-інде 20 сәби дүниеге келген. Оның 14-і ұл, 6-ауы қыз бала. Барыс жылының алғашқы перзенті Жаңа жыл түні сағат екіден он минут өткенде өмір есігін ашқан. 3630 грамм салмақтағы ұл бала қала тұрғындары Әбдіқадыр мен Сағдат Әбсаметовтердің отбасына үлкен қуаныш сыйлады. Ал перинаталды орталықта сол күні 10 бала туған. Олардың 7-еуі ұл, 3-еуі қыз болса, араларында бір егіз бар. Өткен жылдың 1 қаңтарындағы тумалар саны 7-еуді құраған еді. Олардың да біреуі егіз болатын.