Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі немен айналысады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңадан құрылатын Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызмет бағыты мен ережелерін бекітуді көздейтін Үкімет қаулысы ашық талқыға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі немен айналысады
Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын пайдалану және қорғауды бақылау, сумен жабдықтау, су бұру, ирригация және гидрогеология салаларындағы басқару процестерін үйлестіру, мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы саналады, - делінген Үкімет қаулысында.

Құжатта көрсетілгендей, ведомствоның құрамына жалғыз Су шаруашылығы комитеті ғана кіреді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызмет бағыттары келесідей:

- су қорын пайдалануды реттеу, сумен жабдықтау, су бұру саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру;

- министрліктің құзыретіне жатқызылған қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;

- өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру;

- су ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және қалпына келтіру;

- реттелетін салада мемлекеттік басқару және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету;

- су ресурстарын басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру.

Министрліктің және оған бағынысты ведомстволардың қарамағына мына ұйымдар енеді:

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі (РММ);

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы» РММ;

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Ертіс бассейндік инспекциясы» РММ;

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Есіл бассейндік инспекциясы» РММ;

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы» РММ;

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы» РММ;

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ;

- Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Шу-Талас бассейндік инспекциясы «РММ;

- «Қазагромелиосушар» республикалық әдістемелік орталығы.

Үкімет қаулысының жобасы 26 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.

Еске салайық, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен 5 жаңа министрлік құрылды. Оның ішінде Су ресурстары және ирригация министрлігі де бар.

Артынша осы кезге дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарып келген Нұржан Нұржігітов аталған ведомствоға басшы болып тағайындалды.