Жаңаөзенде дәрігер пышақ жарақатынан мерт болды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында бүгін 28 қаңтарда сағат шамамен 14:00-де медициналық мекеменің дәлізінде терапевт дәрігерге ер адам шабуыл жасап, ауыр пышақ жарақатын салған. Соның салдарынан 29 жастағы жас маман қаза тапты.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, кісі өлтіруге күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
-28 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында пышақ жарақаты салдарынан 29 жастағы ер адам көз жұмды. Алдын ала анықталғандай, қақтығыс ер адамдар арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде туындаған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындаған. Аталған дерек бойынша полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде анықтауға бағытталған тергеу шаралары басталған.
Бұған дейін, Алматыда 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.