Жанар-жағармай мәселесі қазан айының екінші жартысында шешілуі мүмкін - Мұнай және газ министрі

МАТЫ. 6 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жанар-жағармай мәселесі қазан айының екінші жартысында шешілуі ықтимал.

Жанар-жағармай мәселесі қазан айының екінші жартысында шешілуі мүмкін - Мұнай және газ министрі

Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев бүгін Алматыда өтіп жатқан 19-шы қазақстандық "Мұнай және газ" халықаралық конференциясы кезінде осылай мәлім етті.

"Жоғары октанды бензинің 35-40 пайызын қазір де, бұдан бұрын да Ресейден импорттап отырған болатынбыз. Бүгінгі күні мұнайдың әлемдегі және Ресейдегі бағасының төмендеуі мен біздің қолданған шараларымыздың бәрі өз әсерін беруде. Өзіміздің мұнай өңдеу зауыттарымыздың мүмкіндігін көбейту жөніндегі шешімді кейіндеу қабылдағанымыз рас. Ол Үкіметтің кінәсі. Оны жасырып отырған жоқпыз, талай рет айттық", - дейді Сауат Мұхаметбайұлы. Министрдің сөзіне қарағанда, АИ-95, 96, 98-бен авиакеросиннің өзін былай қойғанда, біздің 3 зауытымыз да толық көлемде мұнай алып 100 пайыз шығарып отырғанның өзінде АИ-92 бензинімен экономиканы толық қамтамасыз етуге қазір мүмкіншілігі жоқ. АИ-92 бензинінің 30-35 пайызын Ресейден импорттап отырмыз. Бұл бұрын да солай болған. Егер оны импорттай алмайтын жағдай туса ішкі нарықта тапшылық болады. Ол бәріне де белгілі нәрсе.

"Өткен жазда АИ-92 бензинінде Ресейдегі баға мен біздің бағаның айырмашылығы 35-40 пайызға дейін өсіп кетті. Қазіргі күнде ол жақындады. вице-министр Ләзат Қиынов мырза айтып кеткендей АИ-92 бензинінің тапшлығы АИ-80-ге де әсер етеді. Ресейде жаңа стандартқа көшуге байланысты АИ-92 бензинін өндіру көлемі осы жазда төмендеді. Олар еуро-3 стандартқа көшеміз деген шешімін қыркүйекте ғана қабылдап, оны 2012 жылдың аяғына ауыстырды. АИ 92-ні керекті көлемде өндіруді олар жаздың аяғында бастады", - дейді Сауат Мыңбаев.