Жанар-жағармайдың жасанды тапшылығы бола ма деп алаңдаймын - Мұрат Ергешбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі мұнай өңдеу жұмыстары іркіліссіз жұмыс істесе, жанар-жағармай тапшылығы болмайды. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев айтты.

жанармай
Фото: Kazinform

- Бізде жанар-жағармай тапшы екені белгілі. Көрші Ресейде геосаясатқа байланысты біраз мұнай өңдеу зауытының істен шығуы бізге қатты әсер етеді. Олардың өздері де Қытайдан жанар-жағармай алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр, - деді Мұрат Ергешбаев.

Осы орайда Мәжіліс депутаты елімізде қанша тонна мұнай өндірілгені, одан қанша тонна жанар-жағармай алынғаны әрі бензиннің қай түріне сұраныстың жоғары екендігі белгілі екенін айтады. Сондай-ақ ол отандық нарықта тапшылық байқалса Қытаймен де келіссөз жүргізу мүмкіндігі бар екеніне назар аудартады.

- Тек Ресеймен ғана емес, Қытаймен де келіссөз жүргізуге болады. Дегенмен, нарықта жасанды тапшылық жасалуы мүмкін деп алаңдаймын. Мысалы, «мұнай өңдей алмаймыз, зауыт 1 аптаға тұрып қалды» дей ме деп қорқамын. Егер мұндай жайт болмаса, онда өзімізді жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге болады. Мұнай экспортын азайтып, отандық зауыттарға өңдеуге беру керек, - деді ол.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында жанармай қоры екі айлық нормадан асады.

Соңғы жаңалықтар