Жаңажол Қуанышбек грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңажол Қуанышбек (45 келі) Грекия астанасы Афины қаласында грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында топ жарды. 

Жаңажол Қуанышбек грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды
Фото: Біріккен күрес әлемі (UWW)

Жаңажол Астана қаласындағы «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында тәлім алып жүр. Спортшыны жарысқа аға жаттықтырушы Асхат Жанбиров пен жаттықтырушы Жарқын Тұрсынов дайындады. 

Сондай-ақ ел құрамасынан Нұрдәулет Кұмарұлы (48 келі), Асқар Нұрәли (55 келі) күміс жүлдегер атанса, Досбол Шамил (65 келі) қола медаль иесі болды. 

Жаңажол Қуанышбек грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды
Фото: ҰОК

Сонымен қатар енді ел құрамасынан Базарбек Данияр (51 келі), Ақон Дамир (60 келі), Мейірбекұлы Марлен (71 келі), Макхамбаев Марданбек (80 келі), Тойшы Əділет (92 келі), Советхан Бақтұp (110 келі) әлем чемпионатына қатысты.

Айта кетсек, қазақстандық төрешілер 2025 жылғы күрес түрлері бойынша әлем чемпионатында қызмет атқарады.

Біріккен күрес әлемі (UWW) жариялаған 2025 жылы Хорватияның Загреб қаласында өтетін әлем чемпионатында қызмет атқаратын төрешілер қатарында Игорь Лигай мен Ерік Жұмабеков бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін грек-рим күресінен әлем чемпионатында қазақстандық балуандар тағы екі жүлде алғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар