Жаңғыртудан кейін Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары қалай өзгереді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда мегаполистің теміржол тораптарын жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Kazinform тілшісі анықтап көрді.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, теміржол нысандарын реконструкциялау оларды заманауи стандарттарға бейімдеуге бағытталған. Қазір Алматы-1 вокзалында құрылыс жұмыстары қарқын алған.
— Аралдық перрон бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Ғимараттың қаңқасын күшейту, шатыр жабу, сыртқы және ішкі әрлеу, сыртқы және ішкі су құбыры, кәріз, электрмен жабдықтау инженерлік желілері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ҚТЖ.
Ал тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген Алматы-2 вокзалында жұмыстар әлі басталмаған. Жоба реставрациялау нормаларының қатаң сақталуын талап етеді.
— Жобалау-іздестіру жұмыстары бойынша «Қазқайтажаңартудың» ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленді, құрылыс-монтаждау жұмыстарына алдағы уақытта басталады, — делінген жауапта.
Сонымен қатар ҚТЖ Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарының алаңдарын үлкейту жобада қарастырылмағанын атап өтті. Ғимараттардың архитектуралық өлшемдері бұрынғы қалыпта қалады.
Жөндеуден кейін вокзалдар қандай болады
Ұлттық компания жаңғырту жұмыстарынан кейін Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарындағы жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін жақсаратынын атап өтті.
Себебі жоба аясында келесі міндеттер көзделген:
* Күту залдарын жаңарту;
* Навигацияны жақсарту;
* Мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімділікті арттыру;
* Санитарлық тораптарды жаңғырту;
* Заманауи цифрлық сервистерді енгізу;
* Нысандардың қауіпсіздік деңгейін арттыру.
— Вокзалдарды жаңғырту инженерлік жүйелерді жаңартуға және барынша жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді орта құрып, жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады компаниядан.
ҚТЖ қаладағы негізгі теміржол орталықтарының заңдық мәртебесін де нақтылады. 2025 жылғы 16 шілдеден бастап Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары ресми түрде «Қазақстан темір жолының» сенімгерлік басқаруына қабылданған.
Ұлттық компания жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін басқару нысанын өзгертуді жоспарлап отырған жоқ.
— Вокзалдарды Алматы әкімдігіне қайтару жоспарланбаған, — деп атап өтті компаниядан.
Еске салайық, 2019 жылы Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары қаланың коммуналдық меншігіне өтті.
2023 жылы Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев теміржол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайтарылатыны туралы мәлімдеді.
Кейін вокзалдар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сенімгерлік басқаруға берілді.