Жапон компаниялары Қазақстан нарығына шығуға мүдделі

АСТАНА. KAZINFORM — Жапон компаниялары Астанада Токио губернаторының қатысуымен декарбонизация және экологиялық шешімдер технологияларын таныстырды.

Жапон компаниялары Қазақстан нарығына шығуға мүдделі
Фото: Виктор Федюнин\Kazinform

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы төрағасы Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, Жапонияның жетекші компаниялары қатысқан питч-сессия Токио губернаторы Юрико Коикэнің Астанаға сапары аясында ұйымдастырылды.

Бұл — озық әзірлемелері бар жетекші компаниялар және соңғы уақытта жапон бизнесі Қазақстанға қызығушылықты арттыра түскен.

— Өздеріңіз білесіздер, Жапонияда озық технологиялар бар, оларды Қазақстанда қолдану өте өзекті болып отыр деп ойлаймын. Жалпы, қазір жапон бизнесі мен жапон өкілдері Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр. Сонымен бірге, Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастық комитеті де белсенді жұмыс жүргізуде. 2026 жылдың өзіне бірқатар іс-шара жоспарланған. Биыл жетекші қазақстандық және жапон компаниялары қатысатын комитеттің кезекті отырысы өтеді, — деді Мұрат Қарымсақов.

Питч-сессияда Жапонияның Aeronext Inc., SAKIGAKE JAPAN Corporation, ZEPHYR CORPORATION, SORAMITSU CBDC және Revo International Inc. компаниялары дрон технологиялары, күн және жел энергетикасы, көміртекті кредиттер және биоэнергетика салаларындағы заманауи шешімдерін таныстырды.

Жапон компаниялары Қазақстан нарығына шығуға мүдделі
Фото: Виктор Федюнин\Kazinform

Қатысушылар аталған технологияларды Қазақстан нарығына енгізу әлеуетін, сондай-ақ Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдаған еді. Оның сапары Қазақстан мен Жапония арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің орнағанына 10 жыл толуы қарсаңында өтіп жатыр.

Сонымен бірге, Президент Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.