Жапония Қазақстанның әлеуметтік нысандарына 4 қайтарымсыз шағын грант табыс етті

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Жапония үкіметінің «Шөп тамыры» атты әлеуметтік жобаларды қаржылық қолдау бағдарламасы аясында Қазақстанның әлеуметтік нысандарына 4 қайтарымсыз шағын грант табыс етілді.

Жапония Қазақстанның әлеуметтік нысандарына 4 қайтарымсыз шағын грант табыс етті

Атап айтқанда, қаржылық қолдау Семей қаласындағы Мемлекеттік медициналық университеттің медициналық орталығына жаңа құрал-жабдықтарды сатып алуға, Өскемен қаласында бұрыңғы сотталғандарға арналған уақытша оңалту орталығының құрылысына, Ақмола облысы Есіл аудандық орталық ауруханаға заманауи техникаларды орнатуға, Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салуға бағытталатын болады.

«Жапония үкіметімен іске асырылып жатқан «Шөп тамыры» бағдарламасы үкіметтік емес ұйымдардың, медициналық және білім беру мекемелерінің қызметін қолдау арқылы халықтың осал топтарының өмір сүру деңгейін жоғарылатуға бағытталған. Аталмыш бағдарлама халыққа тікелей көмек көрсетудің бірден бір жолын таңдап отыр. 1997-2012 жылдар аралығында «Шөп тамыры» аясында Қазақстанның әр өңірлерінде 63 жоба жүзеге асырылды. 2011 жылы өз кезегінде Қазақстан елі де Жапонияға көмек қолын созды. Шығыс Жапонияда орын алған ірі жер сілкінісінен кейін Қазақстан және оның халқы біздің елге және зілзаладан зардап шеккендерге үлкен көмек берді. Барлық 4 жоба келіп түскен көптеген өтініштердің ішінен мұқият сұрыптаудан өтті. Бүгін қол қойылған жобалар Қазақстан үшін үлкен әлеуметтік пайдасын тигізетініне үміттенемін», - деді бүгін аталмыш гранттарды салтанатты түрде табыс еткен Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшісі Камохара Масаеси.