Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жапония Парламентінің өкілдері Қызылорда облысындағы этноауылда болды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы, Жапония Парламенті Өкілдер палатасының мүшесі Такео Кавамура бастаған делегация Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніндегі этноауылда болды. 

Жапония Парламентінің өкілдері Қызылорда облысындағы этноауылда болды

Олар қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр еліндегі салт-дәстүр мен ұлттық қолөнердің дәріптелуіне тәнті болды. «Күншығыс елінен» келген қонақтар қаз-қатар тігілген шеберлер үйін аралап, қолөнершілермен тілдесті. Шеберлік сабақтарына куә болды. Ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татты. Сондай-ақ, қазақтың төл ойындарын тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында осыдан он бес күн бұрын ашылған этноауылды 1200 турист тамашалап үлгерді. Бұл туралы бүгін ЭКСПО-2017 ресурстық орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов мәлімдеді. 

Жалпы, этноауылда 7 киіз үй бой көтерген. Оның әрқайсысына түрлі қолөнер бұйымдары қойылған. Атап айтқанда, киізден, былғарыдан, саздан, иірілген жіптен, ағаштан жасалған бұйымдар мен кілемдер, зергерлік бұйымдар қойылған. Бұл үйлерде келішулер үшін тегін шеберлік сабақтары өтеді.

Ауылда 11 қолөнерші жұмыс істеуде. Олардың барлығымен келісімшарт жасалған, жалақы мәселесі шешілген. Сондай-ақ мұнда 12 қызметкер еңбек етеді.

Тұсмағамбетовтің айтуынша, этноауыл ұйымдастырушылары еліміздегі туристік компаниялармен тығыз жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде бүгінге дейін этноауылда еліміздің бірқатар аймақтарымен қатар Германия, Ирландия, Румыния, Франция, Голландия, Жапония, Өзбекстан мен Қырғызстаннан 1200 турист болып қайтты.