Жапонияда Үкімет құрамы жаңартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи осы айдың соңында Үкімет пен билеуші Либералдық-демократиялық партия басшылығында кадрлық өзгерістер жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kyodo.

Жапонияда Үкімет құрамы жаңартылады
Фото: Kyodo

Үкіметтегі дереккөздердің мәліметінше, қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми қызметінде қалуы мүмкін. Такаичи жыл соңына дейін елдің қауіпсіздік саласындағы үш негізгі құжатын қайта қарау жоспарланғандықтан, осы бағыттағы саясаттың сабақтастығын сақтауға мүдделі.

45 жастағы Коидзуми – бұрынғы премьер-министр Дзюнъитиро Коидзумидің ұлы. Ол ЛДП төрағасы сайлауына екі рет қатысып, 2025 жылғы қазанда Такаичиден жеңілген. Соған қарамастан, саясаткер қоғам арасында танымал және болашақ премьер-министр болуы ықтимал тұлғалардың бірі саналады.

Сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги де қызметінде қалады деп күтіліп отыр. Үкімет өкілдері қауіпсіздік құжаттарын қайта қарау кезінде сыртқы саясат пен қорғаныс саласындағы сабақтастық маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар Такаичи ЛДП-ның саяси кеңесінің төрағасы, бұрынғы экономикалық қауіпсіздік министрі Такаюки Кобаясиге Үкіметтегі маңызды қызметтердің бірін ұсынуы мүмкін. Оның кандидатурасы экономиканы жандандыру немесе өнеркәсіп министрі лауазымына қарастырылып жатыр.

Дереккөздердің айтуынша, алдағы кадрлық өзгерістер кезінде қаржы министрі Сацуки Катаяма да қызметінде қалуы ықтимал.

Сарапшылар Такаичи Үкіметтегі негізгі қызметтерге ықтимал саяси қарсыластарын тарту арқылы өз әкімшілігінің позициясын нығайтуды көздеуі мүмкін екенін айтады.

Айта кетейік, бұған дейін Жапония армиясының қайта құрылатынын жазып едік.