Жарақатым сол жылдардан қалған естелік іспеттес - соғыс ардагері Қабақ Жетесұлы

Бұл күндері тоқсанның екеуіне келген қарт жауынгер әлі де тың, жады да мықты.
«Соғысқа дейін 1940 жылдың желтоқсан айында әкем еңбек майданына кетіп, оқуымнан қол үзіп, колхоздың басшысы болып жұмыс істеуіме тура келді. Ол кезде он сегізге енді толған кезім. Анам бар, туыстарым бар, барлығы он бес шақты жақындарымды асырауыма тура келді. Соғысқа 1942 жылдың 19 мамырында әскер қатарына шақырылдым. Сол жылдың шілде айының 20 жұлдызында Мәскеу бағытындағы Тула қаласына жақын жерде қорғаныста тұрып, сол жылдың желтоқсан айынан бастап неміс фашистеріне қарсы шабуылға шықтық. Үшінші екпінді армиясында Маршал Рокосовскийдің басқаруындағы Тула қаласын азат етіп, Орел қаласына бағыт алдық. 1943 жылдың 19 ақпанда Орел қаласын азат ету шайқасында ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальда тоғыз ай емделіп, әскери комиссия шешімі бойынша елге қайтарылдым», - деп естелігін күні кеше өткендей айтып отырады майдангер.
Қабақ ақсақал Тула қаласына азат ату соғысына қатысқаным үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жеңістің 25 жылдығы», «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне - 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» мерекелік, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың, А.Гречконың естелік медальдарымен, сонымен қатар батылдық үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Неміс басқыншыларына қарсы соғыстағы ерлігі мен батырлығы үшін СССР Жоғарғы Кеңесі Президумының 11 наурыз 1985 жылғы бұйрығымен І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені тағы бар.