Жәрдемақы алу тәртібі өзгере ме: Үкімет әлеуметтік көмекке қатысты жаңа жүйені қарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жәрдемақы алу тәртібі өзгере ме: Үкімет әлеуметтік көмекке қатысты жаңа жүйені қарады
Фото: Үкімет

— Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Президент тапсырмаларын тиісті бағыттар бойынша орындауға қатысты министрліктердің баяндамаларын тыңдады.

— Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының денсаулық сақтау, оқу-ағарту, туризм және спорт салалары жөнінде берілген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізген болатын.