Жарылғыш бар деп жалған хабарлама берген қызылордалық 3 жылға сотталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бір жыл ішінде көліктегі полиция департаментіне жалған терроризм бойынша 30-дан астам хабарлама түскен.

полиция
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Көліктегі полиция департаментіне қарасты экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дулат Діркеновтың айтуынша, 2024 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша 33 факті тіркелген.

Мәселен, көлік полицейлері Қызылорда облысының 32 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Масаң күйде болған ол Астана-1 станциясының теміржол вокзалы ғимаратында жарылғыш құрылғы (бомба) салынғаны туралы хабарлаған.

- Тексеру барысында ешқандай жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты құқықбұзушыны 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды және барлық шығындарды өтеуге міндеттеді. Үкім заңды күшіне енді. Жалпы мемлекеттік органдардың қабылдап жатқан шараларына қарамастан, әлі де полицияға терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар келіп түсуде. Сонымен қатар, жалған террористер мұндай қоңыраулардың салдары қаншалықты ауыр екенін түсінбейді, - делінген Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама» бойынша бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Сонымен қатар, жалған террористер сот шешімімен оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді.

Айта кетейік, Түркістан әкімдігі кәсіпкерге 27 млн тенге тұрақсыздық айыбын төледі.

Соңғы жаңалықтар