Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне енді

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өткен бесінші отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Жаркент мешіті және Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне енгізілді (Tentative List).

а
Фото: Kazinform

Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жазды.

Жаркент мешіті ХІХ ғасыр соңындағы діни сәулет өнерінің бірегей ескерткіші саналады. Сонымен қатар, оны ислам сәулет дәстүрі мен Шығыс Азия құрылыс өнері синтезінің жарқын мысалы деуге болады.

Инженерлік және көркемдік әдіс-тәсілдерімен танымал болған Вознесенск шіркеуі – ХХ ғасырдың басындағы православ ағаш сәулет өнерінің озық үлгісі.

- Бұл нысандардың тізімге бірге ұсынылуы Қазақстанда мәдени әралуандықтың бар екенін аңғартады. Сондай-ақ, Орталық Азия аймағында ислам және христиан дәстүрлерінің үйлесімді түрде қатар дамығанын, бір-біріне ықпал етудің тарихи тәжірибесі қалыптасқанын көрсетеді, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда мешіт пен шіркеудің алдын ала тізімге енгізілуі – Қазақстанның мәдени мұраларын сақтау және оларды дәріптеу ісінің маңызды кезеңі екені айтылған. Бұл қадам ЮНЕСКО-ның рәсімдері мен талаптарына сәйкес номинация құжаттарын әзірлеуге негіз болады.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум