Жарты миллионға жуық оқушы жайлы мектептерде білім алатын болады
АСТАНА.KAZINFORM — 2024–2025 оқу жылының басынан бастап жоба аясында 254 мың оқушы орны пайдалануға берілді, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Қазақстанда балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, қазіргі заманғы талаптарға сай, сапалы және тегін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр.
— Мемлекет басшысының бастамасымен 2024–2025 оқу жылының басынан бастап жоба аясында 254 мың оқушы орны пайдалануға берілді. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 460 мыңға жетіп, жарты миллионға жуық баланың заманауи, қауіпсіз және жайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік беріледі, — делінген хабарламада.
Жоба шеңберінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп жатыр. Мектептегі кеңістіктер оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған: бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Қауіпсіздік шаралары заманауи техникалық шешімдер арқылы күшейтіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құрылып жатыр.

«Жайлы мектеп» үлгісі бойынша салынған жаңа мектептер типтік мектептерден 15–20%-ға кең, бұл қосымша оқу кабинеттері мен демалыс аймақтарын орналастыруға мүмкіндік береді. Мұндай мектептер заманауи пәндік кабинеттермен — физика, химия, биология зертханаларымен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Әр оқушыға жеке шкаф пен жылжымалы парта беріледі. Санитарлық талаптарға сәйкес, мектептің әр қабатында ауызсу фонтандары орнатылған. Сонымен қатар балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту және кәсіби дағдыларды қалыптастыру үшін әмбебап шеберханалар, студиялар мен кәсіптік оқыту кабинеттері қарастырылған.

Мектеп инфрақұрылымында екі кіреберісі бар асханалар, яғни бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек тамақтану аймақтары ұйымдастырылған. Сондай-ақ мектептерде медициналық кабинеттер дәрігер немесе медбике бөлмесі, изолятор және процедуралық бөлме жасақталған.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 205 мектептің жалпы құны жоспардағы құнынан 250 млрд теңгеге асып түскенін айтты.