Жарты жылда АӨК-ке салынған инвестиция 926 млрд теңге болды
АСТАНА. KAZINFORM – Көкөніс қоймаларын салу жалғасады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.
- Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі де тұрақты оң динамика көрсетіп, 1,6 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың деңгейінен 46%-ға жоғары. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында АӨК-тің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 926 млрд теңгені құрап, былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға артты, - деді А.Сұлтанов.
Оның айтуынша, көкөніс қоймаларын салу жөніндегі кешенді жоспар табысты іске асырылды, яғни жалпы сақтау қуаттылығы 745,6 мың тоннаны құрайтын 95 нысан пайдалануға берілді. Бұл өнім шығынын азайтуға, маусымдық баға ауытқуларын төмендетуге және маусымаралық кезеңде көкөністердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
- Дәнді, майлы және бұршақ дақылдарын сақтау инфрақұрылымын дамыту мақсатында Аграрлық несие корпорациясы элеваторлар мен астық қоймаларын салуды кредиттеу бағдарламасын іске қосты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді кепілдендірудің тиімді тетіктерінің бірі – форвардтық сатып алу механизмі. Бұл тетік Азық-түлік келісімшарт корпорациясы тарапынан болашақ өнімге алдын ала қаржы бөлуді көздейді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражатты алдын ала алып, өндірілген өнімді өткізуді қамтамасыз етеді. 2026 жылғы өнімді форвардтық сатып алу аясында 173 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге шамамен 32 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Келісімшарт жасалған өнімнің жалпы көлемі шамамен 480 мың тонна болды, - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, осы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне арналған жеңілдетілген қаржыландыру көлемі - 1,1 трлн теңге. Оның ішінде 272 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінді.
- Сонымен қатар саланы субсидиялауға 588,3 млрд теңге бағытталды. Мемлекеттік қолдау құралдары шикізат өндіруден және сақтаудан бастап, қайта өңдеуге, дайын өнімді өткізуге және экспорттауға дейінгі бүкіл өндірістік тізбекті қамтиды. Аграрлық несие корпорациясы және басқа да қаржы институттары арқылы жеңілдетілген қаржыландыру тетігі оңайлатылды: қарыз алушылар несиені бірден соңғы жеңілдетілген мөлшерлемемен алады. Бұл әкімшілік рәсімдерді қысқартып, кассалық алшақтықтарды болдырмайды және қаражаттың өндірушілер мен қайта өңдеушілерге уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етеді. Осы шаралардың нәтижесінде 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешенде 841 млрд теңге сомасына 255 инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 1,3 трлн теңге сомасына 161 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, - деді А.Сұлтанов.
Бұған дейін хабарланғандай, жарты жылда ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңге болды.