Жас буынның дәстүрлі некеге көзқарасы қандай – әлеуметтік зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM – Ел жастарының дәстүрлі неке деген көзқарасы екі түрлі. Арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесі өңірлер арасындағы пікір алшақтығын көрсеткен. Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева Jibek Joly арнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

 Гүлісхан Нахбаева
Фото: Видеодан алынған скрин

- Соңғы он жылда жастар үшін басты құндылықтардың бірі ретінде отбасы мен денсаулық мәселелері алдыңғы орынға шыққан. Дегенмен отбасы құндылығына қатысты өңірлер арасындағы көзқарас әртүрлі. Сауалнама нәтижесі бойынша, Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласының жастары дәстүрлі некені жүз пайыз қолдайды.

Ал Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында бұл пікірді жастардың шамамен елу пайызы ғана құптаған, - дейді маман.

Сондай-ақ 2025 жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы өңірлер бойынша арнайы талдау жүргізді. Сауалнама нәтижелерін сараптай келе, жас буынның материалдық құндылықтарға деген көзқарасы анықталған.

- Біздің орталық 2025 жылы арнайы зерттеу жүргізді. Талдау нәтижесінде қазіргі жастардың негізгі сұраныстары айқындалды. Атап айтқанда, жас буын үшін ең басты мәселе – баспана.

Ал екінші орында тұрақты жұмысқа орналасу тұр. Бұл жастардың ең алдымен әлеуметтік тұрғыда орнығып, болашағына сенімді болуды қалайтынын көрсетеді, - деді орталық жетекшісі.

Айта кетейік, Конституцияда ер мен әйел арасындағы некені бекіту шарттары айқындалды.

Соңғы жаңалықтар