Жасанды интеллект судьяларды алмастыра алмайды — ЕАЭО Сотының судьясы
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект сот жүйесінің жұмысын жеделдеткенімен, ол судьяны алмастыра алмайды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақ Сотының судьясы Наталья Павлова айтты.
Наталья Павлованың айтуынша, жасанды интеллект мәселесі бүгінде ұлттық соттар үшін де, халықаралық соттар үшін де өзекті. Өйткені әділ сот жүйесі қазіргі заманғы әлеуметтік шындықтан тыс қала алмайды.
— Қазір жасанды интеллект қоғамдағы барлық дерлік салаларға әсер етіп келеді. Ал соттың негізгі міндеті — азаматтардың, кәсіптің және өзге де шаруашылық субъектілерінің құқықтарын цифрлық дәуір жағдайында қорғау, — деді ол.
Судья жаңа технологиялардан туындайтын құқықтық мәселелер сот тәжірибесінде алғашқылардың бірі болып қаралатынын айтты. Мысал ретінде ол ЕАЭО аясында талқыланған «ақылды сағаттарды» кедендік жіктеу ісін келтірді.
— Қазіргі ақылды сағаттар 90-жылдардағы қарапайым электронды сағаттар емес. Олар — ақпарат алуға, цифрлық ортамен өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін толыққанды коммуникациялық құрылғы. Сот бұл жағдайда оның жаңа технологиялық құрылғы екенін танып, кедендік баж мөлшерін айқындауға әсер еткен шешім қабылдады, — деді Наталья Павлова.
Сондай-ақ ол COVID-19 пандемиясы сот жүйесін цифрландыруға үлкен серпін бергенін айтты. Бүгінде азаматтар мен кәсіпкерлер сотқа құжаттарды электронды түрде тапсырады, сот отырыстарына қашықтан қатысады. Осылайша сот шешімдерін жедел ала алады.
— Халықаралық сот төрелігі де ұлттық жүйелерден қалыс қалмауы тиіс. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары Ыстықкөлден Калининград пен Сахалинге дейін сот органдарымен электронды форматта еркін байланыс орнатуы тиіс, — деді судья.
Оның айтуынша, жасанды интеллект судьяны алмастыру үшін емес, керісінше, сот жұмысын жеңілдету үшін қажет. ЖИ үлкен көлемдегі құқықтық ақпаратты талдауға және бірыңғай құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға ықпал етеді.
— Кез келген саналы адам түсінеді: роботтар судьяны алмастыра алмайды. Өйткені сот төрелігінің негізі — адамға тән ақыл мен түйсік. Ал жасанды интеллектте ондай қасиет жоқ, — деп атап өтті Наталья Павлова.
Алайда ол шағын айыппұлдар мен дәлелдері анық істерде технологияларды қолдануға болады деп есептейді. Бірақ кез келген жағдайда азаматтың істі судьяға қайта қарату құқығы сақталуы тиіс.
Сондай-ақ Наталья Павлова цифрлық юрисдикция мен халықаралық интернет-платформалар арқылы тұтынушылар құқығын қорғау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, сот тәжірибесі азаматтың өз құқығын өз елінде қорғау мүмкіндігі болуы тиіс деген қағидатқа негізделеді.
— Тұтынушы өз құқықтарын өзі тұратын юрисдикцияда қорғауға тиіс. Себебі платформа дәл сол нарыққа бағытталған қызмет көрсетеді, — деді ол.
Сөз соңында Наталья Павлова судьялардың қоғамнан оқшауланбауы керектігін атап өтті.
— Судьялар вакуумде өмір сүре алмайды. Олар қоғамдағы үдерістерді, соның ішінде цифрлық технологиялардың дамуын терең түсінуі тиіс, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қытай соты қызметкерді ЖИ-мен алмастыру — жұмыстан шығаруға заңды негіз емес екенін айтқан болатын.