Жасыл дәліз: Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан бірлескен кәсіпорын құрмақшы
АСТАНА.KAZINFORM — Бакуде «Әзербайжан — Орталық Азия: Жасыл энергетикалық дәліз» жобасы аясында бірлескен кәсіпорын құру туралы құжатқа қол қойылды. Құжатқа Әзербайжан Энергетика министрлігінде Қазақстанның электр желілерін басқару компаниясы, «Азерэнержи» АҚ және Өзбекстанның Ұлттық электр желілері АҚ өкілдерінің қатысуымен қол қойылды, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жаңа құрылым — «Yaşıl Dəhliz Birliyi» ЖШС — «Әзербайжан — Орталық Азия: Жасыл энергетикалық дәліз» стратегиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылып отыр. Бұл жоба экологиялық таза энергияны тасымалдауға арналған трансұлттық инфрақұрылымды дамытуға және өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Әзербайжан Энергетика министрлігінің хабарлауынша, министрдің орынбасары Эльнур Солтанов Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан үкіметтері арасында БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының конференциясына (COP29) дайындық аясында қол қойылған стратегиялық серіктестік келісімінің маңыздылығын атап өтті.
— Жасыл дәліз одағын құру бізді ортақ экологиялық мақсаттарға жақындатып қана қоймай, өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты да нығайтады, — деді Солтанов.
Сондай-ақ үш елдің энергетика министрліктері мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы осы жоба бойынша орындалу бағдарламасының маңыздылығы атап өтілді.
Келісімге сәйкес, «Жасыл дәліз одағы» ЖШС-нің бас кеңсесі Бакуде орналасатын болады. Жобаның жүзеге асырылуы ұлттық тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға және жаңартылатын энергия көздеріне көшу процесін жеделдетуге елеулі үлес қосады деп күтіледі.
Құжаттарға қол қою рәсіміне Қазақстанның Электр желілерін басқару жөніндегі операциялық компаниясының бөлім бастығы Салтанат Шұнаева, «АзерЭнержи» АҚ вице-президенті Зияддин Гулиев және Өзбекстанның Ұлттық электр желілері АҚ басқарма төрағасының орынбасары Феруз Курбонов қатысты.
Жаңа кәсіпорынның басшысы болып Фархад Мамедов тағайындалды. Ол жобаның стратегиясын жүзеге асыру және дәлізді дамыту жұмыстарын басқарады.
Бұған дейін, сәуір айында Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан азиялық банктермен «жасыл» энергетикалық дәліз жобасы бойынша меморандумға қол қойған болатын.
Айта кетейік, бұл бастама 2024 жылдың қараша айында COP29 шеңберінде мемлекет басшылары қол қойған жасыл энергияны дамыту және тарату жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы келісімнің жалғасы болып табылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әзербайжан әйелдердің зейнетке шығу жасын тағы 6 айға ұзартқанын жазған едік.