Жасыл қоспа: Қазақстанда руккола, асжапырақ, жалбыз бен көк жуа бағасы қанша

Қазақстан өңірлерінде руккола, асжапырақ (шпинат), жалбыз бен көкжуа бағасы бір-бірінен өте алшақ. Әсіресе шығыс және солтүстік өңірлерде көк жуа бағасы ғана көңілге қонымды, ал жалбыз бен руккола бағасы жоғары, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Жасыл қоспа: Қазақстанда руккола, асжапырақ, жалбыз бен көк жуа бағасы қанша
Фото: Kazinform/ Canva

Деректерге сүйенсек, руккола мен жалбыздың өңірлердегі бағасының бір-бірінен өте алшақ болуы аймақ пен логистикаға тікелей байланысты. Сонымен бірге асжапырақ бағасы да әртүрлі. Ал көкжуа көп жерде өседі, сондықтан болар баға қолжетімді.

Сондай-ақ баға өңірдің климаты, жергілікті тауар өндірушілердің деңгейі, инфрақұрылым және сұранысқа тікелей байланысты. Ресми статистикада руккола, асжапырақ, жалбыз бен көк жуа бағасының индексі жоқ. Дегенмен көтерме базар мен сауда орындарындағы деректерден бағаға аймақ пен мерзім тікелей әсер ететіні белгілі болды. Мәселен руккола мен асжапырақ көтерме базарларда бар. Оны өсіретін шаруалар тікелей жеткізіп отыр. Сәйкесінше баға тұрақты болады.

Ал көкжуа мен жалбыз болса маусымдық қоспа түріне жатады. Сондықтан жасыл дәмдеуіштердің бағасы жаз айларында арзан. Мұнда да логистика әсері бар. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде баға өзгелерге қарағанда төмен болары түсінікті. Себебі мұнда ауа райы көк шөп өсіруге ыңғайлы әрі өнімді тез алуға болады. Ал орталық және солтүстік өңірлер оны дәл осы оңтүстіктен тасымалдайды. Өздерінің өнімі кеш шығады. Сәйкесінше баға да жоғарылай түседі.

Жасыл қоспа: Қазақстанда руккола, асжапырақ, жалбыз бен көк жуа бағасы қанша
Инфографика: Kazinform

Руккола

Рукколаның келісі орта есеппен қазір 3000-4000 теңге болып түр. Ең қымбаты Ақтөбе қаласында сатылып жатыр. Мұнда рокколаның келісі 6500 теңге тұрады. Содан кейінгі орында Семей (6200 тг/кг), Өскемен (6150 тг/кг), Қонаев пен Талдықорған (6000 тг/кг) тұр. Ал ең арзан рукколаны Петропавлдан сатып аласыз. Мұнда келісі 1200 теңге тұрады.

Қарағанды, Ақтау, Астана, Атырау, Жезқазған, Павлодар мен Қызылордада руккола бағасы шамамен 2 000-3 000 теңге аралығында. Ал Орал, Тараз, Түркістан, Шымкент пен Қостанайда келісі 3 000 - 5 000 теңге аралығында.

Асжапырақ

Көк шөптің бұл түрі Талдықорған (5750 тг/кг), Көкшетау мен Семейде (5500 тг/кг) қымбат, ал Қарағандыда (1850 тг/кг) арзан. Жалпы асжапырақ бағасы да рукколаға шамалас. Орташа бағасы 3000-4000 теңге. Мұндай бағаны Астана, Алматы, Ақтау, Орал, Шымкент, Қызылорда, Тараз бен Түркістаннан табуға болады.

Ал Атырау мен Жезқазғанда баға 2000 теңгеден басталып, 3000 теңгеге дейін жетеді.

Ақтөбе, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Семей, Өскемен мен Қонаевта шпинаттың келісі 4000-4500 теңге тұрады.

Жалбыз

Өзге дәмдеуішке қарағанда жалбыз бағасы әлдеқайда қымбат болып шықты. Мәселен Өскемен мен Семейде келісі 7000 теңге тұрады. Ал Көкшетауда келісі – 6000 теңге. Ең арзаны Алматы (2000 тг/кг) мен Атырау (2000 тг/кг) қалаларында сатылып жатыр.

Орал, Қостанай, Өскеменде жалбыздың келісін орта есеппен 5000-5900 теңгеден сатып алуға болады. Ал Астана, Павлодар, Түркістан, Ақтау мен Ақтөбе, Шымкент пен Қызылордада келісі орта есеппен 2500-3000 теңге тұрады. Қарағанды, Жезқазған, Қонаев, Талдықорғанда баға сәл жоғары, яғни келісі 3000-4500 теңге.

Көк жуа

Ең көп таралғаны, көпшіліктің жиі тұтынатыны да осы көк жуа. Көбіне оны келілеп емес, бумасын алады. Салмағы шамамен 100-150 грамм тартады. Қазақстанда бір бума көк жуаның орташа бағасы шамамен 200-300 теңге. Ең арзаны Атырау қаласында сатылады. Мұнда баға 100 теңге. Ал салатқа қосатын көк жуа бумасының ең қымбаты 620 теңге тұрады. Мұндай бағаны Өскемен мен Семейден кездестіруге болады.

Айта кетейік, өткен аптада Kazinform сұранысқа ие шие мен таңқурай бағасын салыстырды.

Соңғы жаңалықтар