Жаслан Мәдиев: Ғарыштық деректер экономика мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруы тиіс
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ғарыштық технологияларды экономиканың, мемлекеттік басқарудың және азаматтардың нақты қажеттіліктерін шешуге бағыттауы керек. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Space Days Kazakhstan халықаралық форумында айтты.
Министрдің айтуынша, спутниктерді ұшыру мен ғарыш аппараттарын жасау түпкі мақсат емес. Негізгі міндет ғарыштық технологиялардың ел экономикасы мен қоғамға нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету.
— Бүгінде Қазақстанның ғарыштық деректері төтенше жағдайларға ден қою, табиғи және экологиялық процестерді бақылау, сондай-ақ климаттық өзгерістерді бағалау бағыттарында қолданылып келеді. Бұл деректер мемлекеттік органдар мен экономика үшін қажетті аналитикалық өнімдер мен цифрлық сервистерді қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, Қазақстан енді жекелеген спутниктік суреттерді пайдаланудан ғарыштық деректерді кешенді талдауға көшіп жатыр.
— Бұл ретте жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық платформалар негізгі технологиялық құралдарға айналады. Жасанды интеллект ғарыштық деректерді жедел өңдеуге, өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға және болжамдардың дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді министр.
Жаслан Мәдиев ғарыш саласын дамытудың үш негізгі басымдығын атап өтті. Олар ғарыштық деректер экономикасы, өндірістік-технологиялық әлеует және адами капитал.
Бірінші бағыт аясында аналитикалық өнімдердің сапасын арттыру, жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу және ғарыштық деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау жоспарланып отыр.
— Басты қағидат азаматтарға, мемлекетке және экономикаға нақты қажеттілігі бар сервистерді қалыптастыру. Біз ғарыштық деректерді өз алдына мақсат ретінде емес, нақты экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешудің құралы ретінде қарастыруымыз керек, — деді ведомство басшысы.
Екінші басымдық Қазақстанның өндірістік және технологиялық әлеуетін күшейту.
Министрдің сөзінше, еліміз спутниктерді бірлесіп өндіру, Жерді қашықтан зондтау және спутниктік байланыс жүйелерін дамыту бойынша халықаралық серіктестікке ашық.
Сонымен қатар Қазақстан спутниктерді құрастыру, сынақтан өткізу және ұшыру инфрақұрылымын бірлескен халықаралық жобаларда пайдалануға дайын.
— Біздің негізгі міндетіміз — инвестициялар мен озық технологияларды тарту, жаңа шешімдерді коммерцияландыру және қазақстандық ғарыш өнімдері мен қызметтерінің халықаралық нарықтарға шығуын қамтамасыз ету, — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Үшінші бағыт — адами капиталды дамыту.
Бұл ретте ғылым, білім беру және ғарыш индустриясы арасындағы байланысты күшейту, халықаралық оқыту бағдарламаларын кеңейту және жас мамандарды ірі ғарыштық жобаларға тарту көзделіп отыр.
— Біздің мақсатымыз өз технологиясын меңгерген ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті инженерлер мен мамандардың жаңа буынын қалыптастыру, — деді министр.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, осы үш бағытты жүйелі дамыту Қазақстанға бәсекеге қабілетті ғарыштық өнімдер мен қызметтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта Space Days Kazakhstan халықаралық форумы іске қосылды.
— Біз үшін форумның басты нәтижесі қатысушылар саны немесе іс-шаралардың ауқымы емес. Ең бастысы — нақты келісімдерге қол жеткізу, бірлескен жобаларды іске қосу және жаңа технологиялық әрі инвестициялық серіктестіктер қалыптастыру, — деп толықтырды ол.
Еске сала кетейік, Қазақстанда Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы айқындалған еді.