Жасөспірімдерді жыныстық саудаға тартқан: Ван Дамм өзіне қатысты айыптауларға жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Актер Жан-Клод Ван Даммға «кәмелетке толмаған жасөспірімдерді жыныстық саудаға тартты» деген айып тағылды. Аталған жағдай бойынша актердің өкілі People басылымына түсініктеме берді.

Айыптауда 64 жастағы Ван Даммға 10 жыл бұрын Канн қаласында бес модель қыз жыныстық қызмет көрсету мақсатында жіберілгені айтылған. Олардың кейбірі сол кезде кәмелет жасына толмаған болуы мүмкін. Бұл істі Румыния прокуратурасы тергеп жатыр, себебі модельдер – осы елдің азаматшалары.
– Біз бұл айыптау туралы БАҚ-тарда тараған мақалалардан хабар таптық. Келтірілген деректер шындыққа жанаспайды. Ван Дамм мырзаның бұл қауесетке қатысты пікір қосып, оны одан әрі өршіту ниеті жоқ. Өйткені бұл – ешқандай негізі жоқ әңгіме, – дейді актердің өкілі.
Іс Румынияның ұйымдасқан қылмыстарды тергеу басқармасы тарапынан тексеріліп жатыр.
Тергеу елдегі модельдік агенттіктің иесі әрі кәсіпкер Морель Боляға қатысты басталған. Ол 2020 жылы тұтқындалған және кәмелет жасқа толмаған модель қыздарды жыныстық қызмет көрсетуге тартқан қылмыстық топ құрды деп айыпталды.
Тергеу кезінде куәгер қыздардың бірі Ван Даммның есімін атаған.
– Мен жаңа ғана агенттікке қосылған шағым еді. Олар Румынияда да, шетелде де көптеген шаралар ұйымдастырып жүрді. Сол кезде Каннда басты рөлде Ван Дамм ойнаған фильмнің тұсаукесері өтті. Шарадан кейін бес қыз Ван Дамммен бірге болу үшін жіберілді. Бұл оқиғаны біздің ұйымдағы басқа қыздар да айтып берді, – деп келтіреді Antena 3 телеарнасы куәгердің сөзін.
Қоса кетейік, Ван Дамм бес рет үйленген. Үш баланың әкесі. Сегіз жыл бұрын оның ұлы есірткі сақтағаны және қарулы шабуыл жасағаны үшін ұсталған.
Бұған дейін үндістандық кинорежиссер Сохам Шах Оңтүстік Кореяның «Кальмар ойыны» телехикаясы оның «Фортуна» үнді фильмінің плагиаты екенін айтып, Netflix стримингтік платформасын сотқа бергені туралы жазған едік.