Жастарды бұрмаланған таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері жалғасып жатыр - сенатор
Діни білім ізденушілердің 75 пайызы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияға сәйкес бізде ар-ождан бостандығы бар. Иман – жүректе. Ізгілік – тілекте. Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім–нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген. Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджап пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді. ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда, біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе?», - деді Н. Жүсіп Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, ұлттық құндылықтар – қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, субмәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден бір иммунитет.
«Біздің ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан Ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті. Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес діни білім ізденушілердің 75 пайызы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр. Соның салдарынан өз азаматтарымыздан салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрлі мәдениет пен өнерге қарсылық білдіру, мемлекеттік рәміздер мен кейбір мерекелерді құрметтемеу, заңмен белгіленген әскерде қызмет ету, орта білім алу сынды ортақ міндеттерден, медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен бас тартуы сияқты зайырлы қоғам талаптарына сай келмейтін қарсылықтар анық байқалуда. Сондай-ақ жастардың назарын жалпыға ортақ оқу-білімнен, парасатты пайымнан, заманауи құндылықтардан бұрмаланған таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері ашық жалғасып жатыр», - деді сенатор.
Оның айтуынша, қазір осындай сырт күштерден азматтарды арашалап алуға көмектесетін сауатты теологтар мен имамдар да тапшы.
«Біріншіден, шетелдердің озық тәжірибесін зерделей отырып, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіруді ұсынамыз. Екіншіден, ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау, БАҚ-та, мектеп және отбасында, қоғамдық институттарда кеңінен таным-түсінік жұмыстарын жүргізу керек. Үшіншіден, дін істері басқармаларын барлық өңірлерде бөлек басқарма ретінде қайта ашу және олардың кадрлық әлеуетін күшейтуді сұраймыз», - деді депутат.