Жасұлан Жақсылық: Әділ шешім - ардың ісі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Ішімдік ішіп, көлік мінетіндерге, шектен шығып, отбасының шырқын бұзатындарға бүгінде жаза күшейді. Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Жасұлан Жақсылық тегеурінді талап құзырлы органдар жауапкершілігін де арттырғанын айтады. Өйткені, әкімшілік істерді қозғауда, тиісті хаттамаларды толтыруда заңсыздықтар жиі орын алуда. Осы және өзге де мәселелер әңгімеміздің арқауына айналып отыр. «Атырау» газеті Ж. Жақсылықпен сұхбатты жариялады.
None
None

- Жергілікті мамандандырылған әкімшілік соттың қызметін жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Сондықтан, әңгімені құрылымның қазіргі тыныс-тіршілігінен бастасақ қайтеді?

- Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты аты айтып тұрғанындай, жергілікті жердегі әкімшілік істерді қарайды. Ол ел Президентінің Жарлығымен 2014 жылдың қыркүйегінде құрылған. Қазіргі күні құрылым өзінің қызметі ауқымында жұмыс жүргізуде. Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына түскен істердің саны бүгінде азайып келеді. Мәселен, биылғы жартыжылдықта біз 5963 іс қарадық. Өткен жылдың осы мезгілінде ол 7357 болатын, яғни, 1300-дей іске азайып отыр. Бұған көптеген жағдай себепші. Бүгінгі қолданыстағы заңнамадағы өзгерістерді соның бір көрінісі ретінде айтқан жөн. Сонымен қатар, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту өзі қызмет ететін органға тапсырылды.

- Жауапты міндет жүктелген қызметкерлердің жауапкершілігі туралы айтып қалдыңыз. Осы тұсты нақты мысалдармен тарқатып бересіз бе?

- Бүгінде мамандандырылған әкімшілік соты хаттамалардың толтырылуы, заңдылықтардың сақталуына айрықша маңыз беріп отыр. Өкінішке орай, әкімшілік істерді қозғауда, жоғарыда айтқандай, хаттамаларды толтыруда кейбір лауазымды тұлғалар шалағайлыққа жол беріп жатады. Осыған орай жуырда орын алған мынадай мысалды келтіруге болады: Атырау-Орал тас жолымен келе жатқан «Лада-2144» маркалы автокөлікті жол сақшысы тоқтатады. Ол жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпағаны, осылайша тиісті заңдылықтардың сақталмағандығы үшін жүргізушінің үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырады. Дегенмен, оның талабымен қарсы жақ келіспей, полиция капитанының үстінен шағымданады. Мұнда арызданушы тәртіп сақшысының өзін таныстырмағандығын, тоқтату себебін түсіндірместен хаттама толтырғанын, өзін дөрекі ұстағанын, жолдасының аяғы ауыр екендігін айта келіп, қауіпсіздік белдеуін автокөлік тоқтағаннан кейін шешіп қойғандығын баяндаған. Біз сот барысында екі тараптың да айтқанына, келтірген дәлелдеріне құлақ салып, мұқият зерделедік. Нәтижесінде, шағымданушының үстінен бұған дейін қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Ал, өзінің іс-әрекетін дәлелдей алмаған, кемшілік жіберген полиция капитанына қатысты жекеше қаулы шығарылды. Оған шара қолдану үшін мәселені Атырау облыстық ІІД басшысының және Атырау қалалық прокурорының назарына ұсынып отырмыз. Жалпы, лауазымды тұлғалар тарапынан орын алған заңсыздықтарға байланысты 325 жекеше қаулы шығарылды.

- Тұрғындардың құқығы тапталып, заңсыздықтардың орын алуына не себеп?

- Менің ойымша, мұның басты себебі тиісті заң талаптарының сақталмайтындығында дер едім. Ал, оған ешқашан жол беруге болмайды. Өйткені, заң алдында бәрі бірдей. Мысалы, жасөспірім өзінің құқығын өзі қорғай алмайтын жағдайда сотқа міндетті түрде оның қорғаушысы қатысуы керек. Немесе қажет болған жағдайда, сот жүргізу ісі аудармашымен қамтамасыз етілуі қажет. Қалай еткенде адамдардың құқығының аяқасты қалмауы мәселенің бастысы. Осыған орай бір мысал келтіре кетейін. Ішкілікке салынған қала тұрғынының өз отбасының шырқын бұзып, шешесін балағаттағаны туралы бізге іс түсті. 8 мамыр күні орын алған жағдайға байланысты учаскелік полицей хаттама жасақтапты. Мәселені қарау барысында анықталғаны - әлгі адам 4 мамыр күні қоғамдық тәртіпті бұзғандығы үшін абақтыға жабылғандығы белгілі болды. Сондықтан, оның мереке күндері әкімшілік құқықбұзушылық жасауы мүмкін емес еді. Осы себепті іс қысқартылып, қазіргі таңда тәртіп сақшысын жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралуда.

- Шағын сұхбатта бәрін қамту мүмкін болмас. Дегенмен, мас күйінде көлік жүргізетіндерге қатысты тоқталып кетесіз бе? Тәртіп қатая түскенімен, олардың санының азаймай отыруына не себеп?

- Дұрыс айтасыз, бұл қоғамды толғандырып отырған мәселенің біріне айналды. Көлік руліне масаң күйде отырған адам қылмыскер десе болады. Сондықтан, оған ешкім де көз жұма қарамауы керек. Ол тегеурінді талаппен қатар, қоғам болып осы құбылысқа қарсы тұруды қажет етеді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте осындай заңсыздықтарға жол берген адамдарға қатысты қолданылар жазалар көрініс тапқан. Мәселен, Кодекстің 608 бабында жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқарған адамның ісі қаралады. Сол бойынша бізге 544 іс түсіп, тиісті шаралар алынды.

***

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында құқық тәртібі және заңдылық мәселесіне ерекше назар аударылған.

Ұлт жоспарында: «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.

Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.

Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.

Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.

Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.

Сот реформасының маңызды қыры - сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.

Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.

Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.

Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.

Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.

Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.

Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.

Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.

Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.

Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.

Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.

Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.

Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары - құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.

Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.

Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.

Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.

Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.

Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.

Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.

Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.

Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.

Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.

Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы - біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады» делінген.

***
Өмірдерек: ЖАҚСЫЛЫҚ Жасұлан Берікұлы 1972 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Білімі - жоғары. «Қайнар» университетін бітірген. Еңбек жолын Талас аудандық бөлімінде инспектор болып бастаған. Одан соң Жамбыл облыстық әкімшілік сотында аға сот орындаушы қызметін жасаған. 2009 жылдан 2015 жылға дейін Талас аудандық сотының судьясы, ал сол жылдың 7 желтоқсанында ел Президентінің Жарлығымен Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болып тағайындалды. Отбасылы. Басты тоқталарым, бүгінде елімізде заңның үстемдігіне ерекше маңыз беріліп отыр. Өркениетті қоғамның басты талабы да осы. Ендеше, сот үшін әділ шешім шығару ардың ісі болып тұр.

Соңғы жаңалықтар