«Жасыл» энергетика үлесін 2017 жылға қарай 3 пайызға жеткізу көзделеді - Н. Қаппаров
АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - 2014 жылы еліміздің энергетикалық теңгерімінде «жасыл» энергетика үлесін 1 пайызға, ал 2017 жылға қарай 3 пайызға жеткізу көзделеді.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, қазіргі таңда министрлік Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын әзірлеген. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, еліміздің энергетикалық теңгерімінде «жасыл» энергетика үлесін 2014 жылы 1 пайызға, ал 2017 жылға қарай 3 пайызға жеткізу көзделеді. Бұдан бөлек, ұзақ мерзімді перспективада жаңартылатын энергия көздерінің технологиялары арзандайды және одан әрі дами түсетін болады.
«Осының өзі қуат өндірудің баламалы көздерін кең көлемде қолданылып, 2030 жылға қарай жалпы энергия тұтыну көлемінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 10 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Ал орта мерзімдегі мақсат жеке тұтынушылардың жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын жүзеге асыруды қолдау және ірі «жасыл» жобаларды Қазақстанның энергетика жүйесіне ықпалдастыру болып табылады», - дейді Н. Қаппаров.