17:05, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жаулыбай Өтегенұлы
Жаулыбай Өтегенұлы (туған және өлген жылдары белгісіз) - Жоңғар жаулаушыларының жойқын жорығынан ел басына күн туған алмағайып кезеңде өз қатарларының қалың ортасынан суырылып шығып, туған жерін табандылықпен қорғаған, осы күресте ерен еңбегімен жалпақ жамиғатқа танылған айтулы батырлардың бірі.

Ел басына күн туған кезеңде халқына қорған болып, қол бастаған Жаулыбай Өтегенұлы Бағаналының Сары-Сарғалдағының Тәңірберлі бұтағынан. Қалыптасқан дәстүрлі көшпенді шаруашылық тұсында бейбіт еңбекпен айналысқан зергер-ұсталар әулетінен шыққан батыр. Ауызша әңгімелерде жойқын күш иесі Жаулыбайдың шайқастар арасындағы саябыр жылдарда ата кәсібі ұсталықпен емес, егіншілікпен айналысқандығы жайлы деректер сақталған.
Бізге жеткен аңыздарға қарағанда Жаулыбай батырдың туында шұбарала жолбарыс бейнесі салынған екен. Қазақ хандығында қалыптасқан үрдіс бойынша жауынгерлік жорықтарда туды хан емес, көсем емес, олардың әскербасылары көтеріп жүрген. Мысалы, Абылайдың ақ туын Олжабай батырдың ұстағаны туралы тарихи деректерде айтылады. Осы тұрғыдан келгенде, Бағаналы тайпасының туын ұстаушы Жаулыбай сардар екендігін байқауға болады. Бұның өзі Жаулыбай батырдың жоңғарға қарсы соғыста ұлы майданның алдыңғы шебінде тұрған Ұлытау өңірі жасағының белгілі бір кезеңде бас қолбасшысы болғандығынан хабардар етеді.
Барақ сұлтан 1747 жылдың көктемінде Ресей патшасымен қарым-қатынас орнатпақ ниетпен Санкт-Петерборға елшілік жасақтайды. Оның құрамында Жаулыбай батыр да бар еді. Бұл Жаулыбайдың батырлық қасиеттерін ғана емес, үлкен ақыл-ой, биік парасат иесі екендігін де білдірсе керек.
Ресейдің Орталық мемлекеттік әдебиет және тарих мұрағатында сақталған Шоқан Уалихановтың «18 ғасырдағы Қазақ батырлары жайлы аңыздар» атты еңбегінде сол заманның бір топ саңлақтарымен қатар Жаулыбай батыр есімінің аталуы оның туған халқы ерекше қадірлеп, жадында сақтағандығы жатыр. Өз ұрпақтарының қолындағы атадан балаға мирас болып келе жатқан шежіреде батырды 1697 жылдарда туған деп шамалайды. 1762 жылғы жоңғарлармен болған Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы шешуші шайқасқа дейінгі жылдардағы ірілі-ұсақты ұрыстарда Жаулыбай соғыс өнерінде өзіндік өрнегі бар, бойына туа біткен жойқын күшіне айласы мен ісі сай, қай жағынан да толысқан жауынгер болып қалыптасты.
Қас батыр Жаулыбай туған елінің азаттығы жолында жоңғар жойқынындағы шешуші шайқастардың бірінде мерт болды. Бір әңгімеде Аңырақайда делінсе, екінші бір деректерде оның ақырғы демі Алакөл-Итішпес соғысында шейіт болғандығы айтылады. Қалай болғанда да, Жаулыбай Өтегенұлы ? туған жерін қорғауға шыбын жанын шүберекке түйіп үлес қосқан, ерлік үлгісін көрсетіп, майдан даласында мерт болған, осы 300 жылға созылған соғыстың тарихында мәңгі өшпес із қалдырған қайраткер тұлға, ұлттық батырларымыздың бірі екендігінде дау жоқ.
Жаулыбай батыр жайындағы деректер халық ақыны Қалабай Назарұлының бір жырында, сондай-ақ қазақтың белгілі ақыны Серікбай Оспанұлының «Жәнібек тархан» дастанында кездеседі.Дереккөзі:
Қ.Ахметов, «Ұлы даланың Ұлытауы» ІІ том,