Жаңа Салық кодексі: табысы төмен азаматтар ЖТС-нан босатылады
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Салық кодексінде жеке тұлғалар үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде базалық салықтық шегерім енгізіледі. Бұл айына 129 750 теңге, яғни азамат осы сомаға дейінгі табысын салық салынатын кірістен шегере алады. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтағы өзгерістер туралы ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айгүл Аббасова тікелей эфир барысында кеңінен түсіндірді.
Осыған байланысты ай сайынғы табысы шамамен 145 мың теңге болатын азаматтар жеке табыс салығын төлемейді.
– Бұл салық салудағы әділеттілік қағидатын іске асыру. Табысы төмен азаматтар жеке табыс салығынан босатылады, – деді Айгүл Аббасова.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде жоғары табыс алатын тұлғаларға прогрессивті мөлшерлеме қарастырылған. Жылдық табысы 36 млн теңгеге дейін (айына шамамен 3 млн теңге) жеке табыс салығы 10 пайыз мөлшерінде сақталады. Ал аталған сомадан асатын табысқа 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.
– 36 млн теңгеге дейінгі жылдық табысқа 10 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Ал бұл шектен асатын табыс бөлігі 15 пайызбен салық салынады, – деді ол.
Айгүл Аббасованың айтуынша, бұған дейін 2025 жылы енгізілген қосымша салықтық шегерімдер білім алу, медициналық қызметтер, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақылар және көпбалалы отбасыларға арналған жеңілдіктер азаматтар үшін бірқатар әкімшілік қиындық тудырған.
– Азаматтар салықтық шегерімдерді қолдану үшін шығындарды растайтын құжаттарды жинап, жыл соңында декларация тапсыруға міндетті болды, – деді спикер.
Осыған байланысты жаңа Салық кодексінде барлық қосымша шегерімдер 30 АЕК мөлшеріндегі бірыңғай базалық шегеріммен алмастырылған.
– Енді жеке тұлғалар ешқандай растайтын құжатсыз-ақ табысын 30 АЕК-ке азайта алады. Егер басқа негіздер болмаса, декларация тапсыру міндеті де болмайды, – деп түсіндірді Айгүл Аббасова.
Спикердің айтуынша, бұл өзгерістер жеке тұлғалар үшін де, салық органдары үшін де процесті едәуір жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтады.
Еске салсақ, Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев алдағы үш жылдық бюджетін таныстырған еді. Ол өзінде ел экономикасының өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты кіріс биылмен салыстырғанда 3,6 трлн теңгеге ұлғайып отыр. Бұл мемлекеттік қаржының тұрақтылығына әкеледі деп айтқан еді.