«Жайық» волейбол клубы қатарынан тоғыз матчта жеңіске жетті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының екінші турында орталық кездесу Оралдың «Жайығы» мен «Жетісу» (Талдықорған) арасында болды.

Бұған дейін Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар 25 ұпаймен көш бастаса, жетісулықтар (24 ұпай) да қалыспай келе жатқан еді.
«Жайық» сапында команда капитаны Виталий Вориводин, Владимир Прокофьев, Виталий Эрдштейндерге қоса украиналық Володимир Ковальчук (байланыстырушы), ресейліктер Михаил Моров, Борис Фистюлевтер алаңға шықты. Либеро Сергей Окунев те қосылып отырды.
«Жетісудың» бас бапкері Марат Адрышев Айбек Жақсылықов, Рустам Гилязутдинов, ресейліктер Денис Горбачев, Владислав Спирин сияқты ойыншыларға сенім артты.
Алғашқы екі партияда батысқазақстандықтар шеберліктерінің басым екендігін дәлелдеді – 25:20, 25:19. Дегенмен үшінші сетте талдықорғандықтар тегеурінділік танытты – 25:23. Бірақ төртінші партияда «Жайық» ойын тізгінін қайта қолына ала білді. Бастапқыда В.Эрдштейн допты сәтті берген кезде олар 7:3 есебімен алға кетті. Ақыры осы басымдылықтан айырыла қойған жоқ – 25:21.
Қорытынды есеп – 3:1, «Жайықтың» пайдасында.
Осылайша, қатарынан 9 матчта жеңісті уысынан шығармаған оралдықтар ұпай санын 28-ге жеткізді.
Ертеңгі, соңғы күнгі ойынға қатыспайтын «Жетісу» құрамынан Д.Горбачев екінші турдағы үздік ойыншы атанды.
Алматының «Буревестник» командасы бүгін «Есілді» 3:0 (25:22, 25:22, 25:16) есебімен сүріндіріп, 19 ұпаймен турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан көш соңындағы команданың ел чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.