Жайылым дағдарысы: Павлодарда қайтарылған жерлер халыққа неге бұйырмай отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мемлекет басшысының жерлерді тұрақты айналымға енгізу және жайылым тапшылығы мәселесін шешу туралы тапсырмасының Ертіс-Баян өңіріндегі орындалуы аса мәз емес. Жергілікті шенеуніктердің құрғақ есебі мен қалыптасқан өзекті жайттар арасында алшақтық қалыптасып отыр.
15 пайызы ғана жайылымға берілген
Өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың дерегінше, облыста жерді қайтару жоспарлары асыра орындалып, сот арқылы жүздеген мың гектар мемлекетке қайтарылып жатыр. 2025 жылы 130 мың гектар жер қайтарылуы керек болса, құзырлы органдар мен шенеуніктердің пәрменді қимылы нәтижесінде жоспар 109,8 пайызға орындалған. Яғни 142,7 мың гектер жер мемлекет балансына қайта алынған.
Алайда шенеуніктердің ресми жауаптарын тереңірек талдай келе, өңірдегі жер саясатының түйткілді мәселелері мен жүйелік кемшіліктері байқалып қалды.
Ең әуелі қайтарылған жерлердің халыққа пайдасы болмай отырғанын аңғардық. 2022 жылдан бері мемлекетке 940 мың гектардан астам жер қайтарылса, соның бары-жоғы 140 мың гектары (15 пайызға жетпейтін бөлігі) ғана жеке аулалардағы малды жаю үшін берілген. «Сонда жүздеген мың гектар қайда кетті?» дерсіз. Оның басым бөлігі қайтадан конкурс арқылы ірі агробизнес өкілдеріне үлестірілген. Салдарынан ауыл іргесіндегі тапшылық сол күйі сақталып отыр.
Екінші мәселе - қайтарылған жерлердің басым бөлігі ауылдардан тым алыс орналасқан. Шалғай жерлерге қарапайым ауыл тұрғындары малдарын апарып жая алмайтыны анық. Ол жерлерде инфрақұрылым (жол, электр қуаты) мен су көздері (ұңғымалар) жоқ. Нәтижесінде, «пайдалануға жарамды» деп қағазға жазылған жерлер шын мәнінде мал баққан ағайын үшін тартымсыз болып, бос жатыр. Жергілікті әкімдіктер бұл мәселені шешу үшін 2026–2030 жылдарға арналған Жол картасын енді ғана бекітіп, инвестор іздеуге кіріскен. Демек, алыстағы жайылымдарды суландыру мәселесі таяу жылдары шешіле қоймайды.
Келесі проблема - мәселені шешуден қашу, созбаққа салу. «Халықтың жерге мұқтаждығы қашан толық шешіледі?» деген нақты сұрағымызға шенеуніктердің жауабы дайын тұрады. «Бұл мәселені толығымен шешу мүмкін емес, өйткені бұл бір реттік науқан емес, үлкен процесс». Мұндай жауап жергілікті атқарушы органдардың нақты мерзім мен міндеттеме алудан қашатынын байқатады.
Қауқарсыз әкімдіктер, құты қашқан ауылдар
Сөзіміз дәлелді болсын. Көп жылдан бері Павлодар ауданындағы ондаған ауылда жайылым мәселесі жиі қайталанып тұр. Мәселен Чернорецк ауылының тұрғындары биыл жергілікті кәсіпкер ортақ жайылымды тартып алып жыртып тастағанын айтып, мұңын шақты.
- Қазіргі уақытта жергілікті халықтың төрт түлігін өріспен қамтамасыз ету күннен-күнге қиындап барады. ҚР «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес, жергілікті тұрғындардың мұқтаждығын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті. Осыған орай «Сартай» деп аталатын жердегі 190 гектар жайылымдық жерді халықтың игілігіне қайтару, сол маңайдағы 400 гектар шұрайлы егістік жерді халықтың өтініші негізінде мемлекет (ауылдық округ әкімдігі) балансына өткізу туралы аудан басшысына хат жолдаған едік. Алайда бұл өтінішіміз созбаққа салынып келеді. Аудан басшылығы тарапынан шешімді қимыл-әрекет байқалмай отыр, - деп мұңың шақты жергілікті бақташы Марал Мейзамхан.
Чернорецк ауылындағыдай өткір мәселе Ертіс бойындағы егіншілік жақсы дамыған аудардарда аса өзекті. Облыстағы жайылым тапшылығы 100 мың гектардан асады әрі бұл проблема 80 елді мекенді қамтып отыр. Аймақтың ең басты егіншілік аудандары – Павлодар, Шарбақты аудандары мен Ақсу, Павлодар қалаларының ауылдық аймақтарында жағдай өршіп тұр. Егістік алқаптарының ұлғаюы ауыл тұрғындарының төрт түлігін өріссіз қалдырған. Көптеген елді мекендердің маңайының барлығы егін, жеке тұрғындар мал жая алмайды. Кезінде заңсыздықпен беріліп кеткен жерлерді қайтару да созбаққа салынып бара жатқандай.
Малын қорада қамап ұстауға мәжбүр
Жуықта Екібастұзға қарасты Құдайкөл ауылының тұрғындары қала басшылығына өтінішпен шықты. Айтуларынша, әлдебір ірі шаруашылық ауылдың дәл іргесіне егін салып, онсыз да аз жайылымды тіпті тарылтып тастаған. Егін ауылдан небәрі 800 метр жерде. Ойнақтаған қозы-лақ пен бұзау, үлкен қара малдар егінге жиі түседі. Егістік жұмыскерлері малды техникамен қуалап, жуықта 5 сиырды өлтіріп қойыпты. Мал иелері құнын даулап барған екен, әуелі егін шығынын өтеңдер деген талап қойыпты. Ал бұл мәселе заңмен реттелмеген.
- Мына жақын маңдағы ауылдарда да дәл солай. Бірақ ондағы егістіктердің ауылмен жанасатын тұстары қоршалған. Біз шаруашылық иесіне қоршаңдар деп талай айттық, алайда ол артық шығынданбаймын деп бас тартты. Әкімдер талапты орындата алмай отыр. Қазір малымызды далаға шығарудан қорқамыз. Абайсызда егінге түсіп кетсе, өлтіріп тастауы мүмкін ғой. Сондықтан көбі жаз болса да түліктерін қорада ұстап отыр, - деп қынжылды Құдайкөл ауылының тұрғыны Игілік Әкерия.
Тікен басып барады
Игерусіз мыңдаған алқаптардың мемлекетке үздіксіз қайтарылып жатқанына қарамастан облыстың кей жерлерінде жайылым мәселесі өткір тұруына екінші тұрғыдан жердің тозуы да әсер етіп отыр. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсариновтың пікірінше, мал азықтық алқаптардың өнімділігінің төмендеуі, шөп жамылғысының сиреуі, шөлейттену және жер эрозиясы үдеп келеді. Бұған жайылымдарға шамадан тыс жүктеме түсуі, малды ретсіз жаю, құрғақ климаттық жағдайлар себеп болуда.
- Жайылымдардың тозуы облыстың барлық дерлік аудандарында байқалады. Әсіресе Ақтоғай, Баянауыл, Железин аудандарында, Екібастұз қаласының ауылдық аймағында өткір мәселелер қалыптасқан. Жайылымдардың жағдайын жақсарту мақсатында облыста 2027–2029 жылдарға арналған өнімділігі төмен жерлерді шалғындандыру және бүлінген жерлерді рекультивациялау бағдарламасының жобасы әзірленді. Бағдарлама шөп жамылғысын қалпына келтіруді, мал азықтық алқаптардың өнімділігін арттыруды көздейді, - дейді маман.
Өңірде көптеген жайылымдар тозып кеткені соншалық, ғалымдар әлгіндей жерлерді зерттей келіп бір гектардан екі центнер де мал азығы шықпайтынын анықтаған. Бұл шөлейттену құбылысын аңғартады. Азық қоры азайғанымен қоймай, тікен шөптер көбейген. Мал жемейтін тікен шөп топырақтың эрозияға ұшырауына себеп болып, әлгіндей жерлер қу тақырға айналып келеді.
- Топырақтың тозып бара жатқанына ол жерлерде жайылатын мал санының тым көп болуы әсер етуде. Жайылым тар болған соң жүктеме бірнеше есе асып түседі, жер тыңаймайды. Ал деградацияның алдын алу үшін шекті рұқсат етілетін жүктемені сақтау аса маңызды. Ол дегеніміз бір бас қара мал үшін 4-5 гектар жер қарастырылуы керек. Қуаңшылық жылдары бұл көлем 15-20 пайызға қысқаратыны да нормада көрсетілген. Іс жүзінде біздің аймақта бұл нормалар сақталмайды. Себебі оны ешкім бақылап отырған жоқ. Тиімді пайдалану үшін жайылымдарды басқару жоспары болуы керек. Алайда ол барлық жерде талапқа сай емес, - дейді биология ғылымының кандидаты Виктор Камкин.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Владимир Левченко жеке аулалар үшін қолайлы жайылымдар қалыптастырмайынша, олардың дамуы туралы пікір айту орынсыз деп есептейді. Жайылымдардың тозып бара жатқанынан мал иелері зардап шегуде. Түліктің күйі болмаса, беретін өнімі де сапасыз. Нарықтың басым бөлігін етпен, сүтпен қамтамасыз етіп отырған ауыл халқының күнкөрісі төмендейді. Екінші тұрғыдан, жерлерді қайтару жұмыстары да сапасыз. Мәселен прокурорлар бір ғана Ертіс ауданынан 89 мың гектар жердің мақсатсыз пайдаланылып жатқанын анықтаған. Алайда мемлекетке қайтарылғаны небәрі - 2,5 мың гектар. Бұл деректер жерді тиімді пайдалануды басқару ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды екенін аңғартады.
Ресми деректерге сүйенсек, Павлодар облысында төрт түліктің саны жыл өткен сайын өсіп келеді. 2024 жылмен салыстырғанда қара мал - 57, жылқы - 42, ұсақ мал – 34 пайызға өскен. Биылғы 1 мамырдағы есеп бойынша, өңірде 603,9 мың ірі қара, 845 мыңнан астам қой-ешкі, 355 мың жылқы бар. Күніне осыншама малдың өріске шығуы (тауарлы сүт фермаларында ұсталатын 48 мың сиырды шегеріп тастағанда) жайылымдарға қаншама жүктеме түсіріп отырғанын өзіңіз есептей беріңіз. Қолданыста 8 млн гектардай жайылым бар болғанымен, оның біраз бөлігі шалғай болуына байланысты пайдаланылмайтынын ескерген абзал.
Еске сала кетеййік, Қазақстандық ғалымдар тозған жайылымдарды қалпына келтіру технологиясын патенттеді.