Жайық өзенін сақтау жөніндегі жұмысымыз жалғасатын болады - Е.Тарасенко, Мәжіліс депутаты

АЛ. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жайық өзенін сақтау жөніндегі жұмысымыз жалғасатын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Жайық өзені бойымен бірлескен қазақстандық-ресейлік ХV тарихи-мәдени,

Жайық өзенін сақтау жөніндегі жұмысымыз жалғасатын болады - Е.Тарасенко, Мәжіліс депутаты

экологиялық экспедициясынан оралған Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко мәлім етті.

Биылғы мерейтойлық жорық Орал қаласынан басталып, өзен бойындағы Зеленов, Ақжайық, сондай-ақ Атырау облысы аудандарының ауылдарында көптеген кездесулер өткізілді. Атырау қаласында мәреге жеткен экспедицияға Ресейдің Орынбор облысынан, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен, БҚО мен Атыраудан мамандар, өлкетанушылар, экологтар қатысты. Жайық өңірі туралы туындылар жазған орыс жазушысы Валериан Правдухиннің туған жерінде ескерткіш тақта орнатылды. Ежелгі қала орны Сарайшықты, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы Облавка ауылын сақтап қалу үшін осы тұстағы Жайық жағалауын бекіту қажеттігі айтылды. Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылы жанынан Жайық өзені арқылы өтетін көпір салу да сөз болды. Сондай-ақ Жайықтың Каспийге құяр тұсындағы жай-күйі көзге шалынбай қалған жоқ. Мұнда иесіз, суға батқан кемелер көп екен.

«Жайық өзенін сақтап қалу үшін кешенді шаралар алынуы қажет. Бұл мәселені Қазақстан мен Ресей елдері басшылары қолдап отыр. Жайық өзенін құтқару мақсатында арнайы қор құру қолға алынды. Қазіргі кезде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, басқа да мүдделі мекемелер өзеннің жай-күйіне мониторинг жүргізуде. Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің қолдауымен білікті ғалымдардан жасақталған сарапшы топ құрылып, жұмыс жасайтын болады», деді Елена Тарасенко.

Алдағы жылы аталмыш жорық Орынборда басталып, осы өлкенің Елек ауданына дейін баратын болады.