Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек елордада дәріс оқыды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының
«Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында ұйымдастырылған лекция «Қазақ әдебиетіндегі интеллектуалды мәдениет» тақырыбына арналды.
Іс-шарада Жүсіпбек Қорғасбек меценаттық «Қазіргі заманғы қазақ романы» сыйлығын жеңіп алған «Кельндегі көкжал» шығармасы жөнінде ақтарылды.
Бұл — қазақтың шетелге сатылып кеткен жетім баласының тағдыры туралы роман.
— Шетелге сатылған бала қасқыр болып ұлитын әдет шығарады. Түн жарымда ұлып, өзін асырап алғандардың ойпаң-тойпаңын шығарады. Бірақ ол көкжал болып ұлыды деген миф емес. Кішкентай кезінде өгей әкесінің қасында жүретін біреу болады да, сол «нағыз қазақ болу үшін қасқыр болып ұлу керек» — деп үйреткен. Бала кезінде қызық көріп, қасқыр болып ұлиды да, кейін ұмытып кетеді оны. Шетелдіктер асырап алып, Лондонда зарығып, туған елін сағынып, бір күні түнде қасқыр болып ұлиды. Сөйтіп, асырап алған әке-шешесінің есін шығарады, — деді қаламгер.
Ол бұл эпизодты трагикомедиялық тұрғыда бейнелегенін атап өтті. Өйткені, адамның бөрі болып ұлығаны сырт көзге, расында да, күлкілі көрінеді. Бірақ соның ар жағында туған елін аңсап аласұрған жүрек, Отанына орала алмайтын шарасыздық күйініші мен сұрапыл сағыныш жатыр.
Кейіпкердің мұндай халі тағы бір эпизодта білінеді. Үзіндіні автор аудиторияға арнап, сөзбе-сөз оқыды.
— Бір қызығы олар Темза өзеніне кит кіріп кеткені туралы хабарға да селт еткен жоқ, — деді Жүсіпбек Қорғасбек.
Темза — Лондонның ортасынан ағып өтетін өзен екені көпшілікке мәлім. Ал кит өзенде емес, мұхитта тіршілік етеді. Киттің үйреншікті мекені мұхиттан өзенге адасып кіріп кеткені — қазақ баласының Отанынан ажырап, тағдырдың жазуымен Англияға тап болғанымен бірдей жайт. Роман авторы осындай шағын ғана детальмен, сәтті параллелизммен оқырманның жүрегін шым еткізеді.
Сонымен бірге, жазушы қазіргі әдебиеттегі кейбір үрдістер жөнінде сөз қозғады. Оның пікірінше, түңілу, өмірден баз кешу, өзіне қол салу тәрізді, оқырманды өрге емес, көрге сүйрейтін нәрселерді жазу дұрыс емес.
— Мен суицид тақырыбын өте жек көремін. Әдебиет деген — гуманизм. Егер бұрын Еуропа әдебиетінде суицид тақырыбы болмаған болса, онда ол жөнінде бастауға болар еді. Біз солардың жолына түсіп келе жатқанымызды мақтан тұтамыз. Мен адамдардың өліп қалғанынан гөрі тірі жүргенін жақсы көремін. Ұлт алға ұмтылуы, денсаулығы мықты болуы керек. Бізге жүз жылға жуық өмір сүрген Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді болу қажет. Елді, жерді сүйіп, қызмет ету керек, — деді Жүсіпбек Қорғасбек.
Сонымен қатар, кездесуде бұдан өзге де мәселелер көтеріліп, әдебиет төңірегінде кең әрі терең сыр-сұхбат өрбіді.
Айта кетейік, бұған дейін отандық жазушылар Атырауда бас қосқанын жазғанбыз.