Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жібек Құламбаева Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Маспаломас (Испания, Гран-Канария аралы) ITF W100 турнирін сәтті бастады.

Жібек Құламбаева Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші чехиялық Анна Шишковамен бірге алғашқы айналымда германиялық Жоэль Стойр — финляндиялық Лаура Хиетарантаның мысын басты — 6:4, 6:2.

Бәсеке 1 сағат 22 минутта аяқталды.

Жібек Құламбаева — Анна Шишкова жартылай финалға шығу үшін нидерландылық Деми Тран — франциялық Наийи Берекоэчэамен таласады.

Жекелей сында әлемдік рейтингіде 466-орында тұрған Ж.Құламбаева бұдан бір күн бұрын әлемнің 155-ракеткасы, испаниялық Андреа Лазаро Гарсиямен тартысты кездесу өткізді. 
Екі сағат 22 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші жергілікті спортшыға 3:6, 5:7 есебімен жол берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингіде жұптық сында 115-орынға көтерілгенін жазған едік.