Жібек Құламбаева Нидерландтағы турнирде айқын жеңіске қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Амстелвен (Нидерланд) ITF W35 турнирінің ширек финалына шықты.

Жібек Құламбаева
Фото: ҚТФ

Бельгиялық Полина Бахмуткинамен бірге жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева алғашқы айналымда америкалық Габриэла Вилар – Польша өкілі Вероника Фалковскадан қиналмай өтті.

Бірінші партия 6:3 есебімен аяқталса, екінші сетте қазақстандық-бельгиялық жұп тіпті бет қаратпады – 6:0.

Матч небәрі 58 минутта бітті.

Жібек Құламбаева – Полина Бахмуткина жартылай финалға шығу үшін нидерландылықтар Джой де Зееув – Антония Стояновпен таласады.

Осылайша, қазақстандық теннисші жұптық сында сәтті өнер көрсетуін жалғастырып келеді.

Алдыңғы аптада Жібек украиналық Валерия Страховамен бірге Болгариядағы жарыстың жеңімпазы атанған еді. Ал өткен аптада мажарстандық Амарисса Тотпен бірге Польшадағы додада финалға дейін жетті. Соның нәтижесінде Ж.Құламбаева жұптық сында дүйсенбіде жаңартылған әлемдік рейтингіде 173-тен 167-орынға көтерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған едік.

Уимблдон турнирінде Александр Бублик алғашқы қарсыласын камбэкпен жеңді.