Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирде жұптық сында үздік шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Нагпур (Үндістан) ITF W15 турнирінде топ жарды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Яшинамен бірге жарыстың фавориті атағын ақтап шықты. Олар соңғы бәсекеде доданың 2-ракеткалары, ресейліктер Ксения Ласкутова - Элина Неплиймен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда ресейлік жұп 7:5 есебімен басым түсті. Бұдан кейін Құламбаева - Яшина камбэк жасап, супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 6:4, 10:6.
Жібек Құламбаеваның осы жарыста абсолютті жеңімпаз атанатындай мүмкіндігі бар. Ол үшін жекелей сында финалда үндістандық Сонал Патилді жеңсе жетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Үндістандағы жарыстың финалына жолдама алды.