Жібек Құламбаева жұптық сында Қытайдағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Баотоу (Қытай) ITF W50 турнирін сәтті бастады.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Рейнгольдпен бірге бастапқы кездесуін литвалық Юстина Микульските — қытайлық Хан Шимен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 6:3 есебімен басым түсті.
Екіншісінде қытайлық-литвалық дуэт есе қайырды — 6:4. Дегенмен супер тай-брейкте Құламбаева — Рейнгольд жеңісті жұлып алды — 10:4.
Матч 1 сағат 35 минутқа созылды.
Жібек пен Екатеринаның келесі қарсыластары кейін белгілі болады.
Ж.Құламбаева кеше жаңартылған жұптық рейтингіде 144-тен 161-ге төмендеді. Сондықтан көрсеткішін жақсарту үшін рейтингілік ұпай жинау қажет-ақ.
Қазақстандық теннисші осы додада жекелей сында да өнер көрсетеді. Рейтингіде 395-орында тұрған оның алғашқы қарсыласы — әлемнің 326-ракеткасы, 19 жастағы жапониялық Сара Саито.
Жібектің Астанада Билли Джин Кинг кубогының Канадамен өткен іріктеу матчында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, команданың финалдық кезеңге жолдама алуына үлес қосқаны белгілі. Бұл — содан кейінгі алғашқы жарысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бублик пен Шевченконың Мадрид мастерс турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.