Жедел жәрдем қызметкерлерін балағаттаған павлодарлық 2 тәулікке қамалды
АСТАНА. KAZINFORM — Мас күйінде жедел жәрдем қызметкерлерін балағаттаған ер адам жазаланды.
Аққулы аудандық соты медицина қызметкерлеріне өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде құрметсіздік таныту бойынша айыпталған азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
Сот, 2026 жылғы 14 шілдеде Ямышево ауылында ер адам алкогольдік масаң күйде болып шақырту бойынша келген жедел медициналық жәрдем бригадасының қызметкерлеріне қатысты былапыт сөздер айтқанын анықтады. Оның әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінді. Жаза тағайындау кезінде сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде: оның кінәсін мойындауы мен өкінуін, іс бойынша ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.
— Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылды. Оған 2 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, 3 ай мерзімге мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді: алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынды, сондай-ақ апта сайын учаскелік полиция инспекторына профилактикалық әңгімелесуге келіп тұруға міндеттелді, — делінген хабарламада.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Бұл өңірдегі алғашқы оқиға емес. Осыған дейін Павлодарда ер адам жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуылдағанын жазғанбыз.