Жеке деректердің таралуы: Заңнамадағы түзетулер жағдайды өзгерте ме

Жақында әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың жеке деректерінің заңсыз таралу мәселесі қызу талқыланды. Өйткені бұл мәліметтерді алаяқтар түрлі мақсаттарда пайдаланып кету қаупі бар. Түрлі желілер арқылы кез келген адам жайында ақпарат тарап кететін жайттар кездесіп жатыр. Сондықтан осы салаға жауапты ведомство тиісті тексеруді бастап кетті. Kazinform агенттігінің тілшісі салаға жауаптылар мен депутаттардың пікірін ұсынады. 

жеке дерек
Фото: Kazinform

Мәжіліс отырысында депутат Никита Шаталов Цифрлық даму министрлігінен осы мәселеге қатысты нақты түсінік беруді сұрады.

«Осы жолы ЖСН, тұрғылықты жері, аты-жөні шетелдік Телеграм-ботында ашық түрде көрініп тұрғаны айтылып жатты. Тек телефон нөмірін енгізу керек болды. Бұл тұрғыда адамдар осы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін деп ойлап жүр. Бұл қалай мүмкін болды және министрлік жағдайды түзету үшін не істеді? Бүгін Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы айтылған мәселені шеше ме?» - деді Н.Шаталов.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков шынымен де кейбір Телеграм-боттарда жеке мәліметтердің таралу оқиғасы болғанын растады.

«Телеграм-боттардың жұмыс принципіне тоқталсақ, аталған жүйе ақпаратты әртүрлі көздерден, соның ішінде әлеуметтік желілерден және ұялы телефон нөмірін енгізу негізінде жинап, деректерді өзара біріктіріп отырады. Біздің ойымызша, бұл мәліметтерді Қазақстанда тыйым салынған сервис жариялауы мүмкін. Бұл сервис телефон нөмірі арқылы деректерді шығарып береді. Тиісті адрестерге тоқталсақ, олар негізінен бұдан бұрын жарияланған ескі деректер. Сонымен қатар бұл ақпарат жалпыға бірдей таралған сервистерден алынуы ықтимал, яғни тағам немесе түрлі тауарлар жеткізетін қызмет көрсету нысандарынан жинақтауы мүмкін», - деді вице-министр.

Осы орайда, Мәлік Олжабеков Мәдениет және ақпарат министрлігіне осы қызметтерді бұғаттау туралы тиісті өтінім жолданғанын айтты. Сондай-ақ осы дереккөз иелеріне қатысты тексеру жүргізу үшін таралған ақпаратты зерттеу жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, жақында Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Саурықов ғаламтордағы https://rupep.org/ru/ атты сайттың жұмысы бойынша тексеру жүргізу керек екенін тілге тиек етті.

«Таяуда «Открытая база данных публичных должностных лиц России и Беларуси» деген сайтқа тап болдым. Соның ішінде «жеке тұлғалар» бөлімінде 30 486 адам, «танымал тұлғалар» бөлімінде 11 246 адам, ал «жақын туысқандар» бөлімінде 19 240 адам қамтылған. Сайтта Қазақстан Парламенті депутаттарының да жеке мәліметтері тұр. Мұнымен қоса, барлық туыстарым, жеке сәйкестендіру нөмірім, отбасы мүшелері жайында ақпарат қамтылған. Осы деректер ары қарай қылмыстық топтардың қолына түсіп кетпес үшін Цифрлық даму министрлігі қандай қадамдарға барады?» - деп сұрады депутат.

Бұл тұрғыда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов бұл мәселе Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе қарастырылатынын жеткізді.

«Азаматтардың деректері тек мемлекеттік органдардың сайтында немесе базасында ғана емес. Жеке деректер басқа сайттарда, банктерде, Телеграмда немесе басқа да қосымшаларда бар. Атап айтқанда, https://rupep.org/ru/ сайты бойынша тексеріп, қосымша жауап береміз. Жалпы, Парламентте ақпараттық қауіпсіздік туралы заң жобасы қаралып жатыр. Құжат аясында жеке деректердің қауіпсіздігін күшейту қадамдары іске асырылады», - деді вице-министр.

Айта кетейік, 27 қыркүйек күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді

Заң жобасы ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді қорғаудың құқықтық базасын қалыптастыруға арналған. Құжат үш блоктан тұрады. Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына бағытталған. Заң жобасында дербес деректердің айналымы және сақталуы саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі. Құжат нормасы операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң жобасына сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің негізсіз жарияланып кеткені туралы хабарлауы тиіс. Ақпараттың жарияланып кетуі дерегі анықталған сәттен бастап үш күн ішінде берілуі керек.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның сөзіне қарағанда, қазақстандықтардың дербес деректерімен жұмыс істейтін мекемелер азаматтардың мәліметі қолды болған жағдайда иесіне хабар жіберуге міндетті болмақ.

«Заңға ұсынылып отырған түзетудің тағы бір жаңашылдығы – хабар беру институты, яғни мен қазір дербес деректерімнің қолды болғанын білмей жүре беруім мүмкін. Оны біреу бір жерден көріп, маған хабарламаса, сол күйі хабарсыз боламын. Ал біз ұсынып отырған норма бойынша, «1414» нөмірінен дербес дерегім тарап кеткені туралы SMS-хабарлама келеді. Бұл менің азамат ретіндегі құқығым болғандықтан, реттеушіге қоңырау шалып, дербес дерегімнің қолды болғанын хабарлаймын», - дейді депутат.

Е. Смышляеваның сөзінше, қазақстандықтардың дербес деректері қажетті деңгейде қорғалмауы алаяқтарға жақсы болып тұр.

«Қазір көп адам дербес деректерінің қолды болғанын білмейді. Соның кесірінен алаяқтар несие алуды ұсынып, түрлі жолдармен дербес дерек иелерін өз құрбанына айналдырады. Мұндай алаяқтықтарды қазір ешкім дербес деректің қолды болуымен байланыстырмайды. Тіпті екі мәселенің арасында байланыс бар екенін білмейтіндер де бар. Мысалы, әжелерімізге қоңырау шалып, аты-жөнін айтып, немерелерінің атын, үй телефондарын біліп алады да, мазалай бастайды. Міне, қалай болып жатыр?! Ал әжелер дербес дерегінің қолды болғанын сезбейді. Сондықтан дербес деректермен жұмыс істейтін мекемелерге осындай міндет жүктегелі отырмыз», - деді Екатерина Смышляева.

ХҚКО мамандары мемлекеттік қызметшілер секілді жазаланады

Биыл 4 қазанда Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен дайындалды.

Заң жобасында мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және дербес деректерді қарай алатын мемлекеттік корпорация қызметкерлерін мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген санатқа жатқызу ескерілген. Осы тұрғыда Қылмыстық кодекске және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл түзетулер Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің қызметін теріс пайдалануына жол бермеуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, мәліметтерді заңсыз жариялаған ХҚКО мамандары енді мемлекеттік қызметшілер секілді жазаланады.

Қолданыстағы заңнама аясында заң бұзу деректері анықталған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның осы қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілгендерге теңестірілген қызметкер ретінде жауапты болады.

Айтпақшы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов алдағы уақытта еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарын қысқарту қарастырылып отырғанын айтты. Мемлекеттік қызметтердің 20 пайызы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы іске асырылып жатыр.

«Тұрғындардың компьютерді немесе басқа да құрылғыларды меңгеру деңгейі әртүрлі. Сондықтан алдағы уақытта да адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарының көмегіне жүгінетіні анық. Атап айтқанда, ХҚО-ларды дамытып, сондай-ақ «Қазпошта» жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көресету деңгейін кеңейте аламыз. Онлайн режимде eGov mobile, eGov арқылы қызмет көрсетуді жетілдіреміз», - деді вице-министр.

Сонымен қатар тілшілер сұрағына жауап беру кезінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин ХҚКО қызметкерлерін қысқарту қарастырылмағанын айтты.

«Биыл шілдеден бастап қызметкерлердің жалақысын 50 пайызға өсірдік. Жалпы, мамандарды қысқарту мәселесі көтерілген жоқ», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар