Жеке меншік мектептерді қысқарту саясаты басталып кетті ме – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жеке меншік мектептер неге жабыла бастағанын мәлім етті.

Гани Бейсембаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- QazBilim орталығының негізін қалаушы Аятжан Ахметжан 2023 жылдан бері жеке меншік мектептерге төленетін субсидия кешігіп төленіп жатқанын, салдарынан биылдың өзінде 20 мектеп жабылып қалғанын айтты. Министрлік жеке меншік мектептердің санын қысқарту саясатын жүргізіп жатыр ма, - деп сұрады БАҚ өкілі.

Ғани Бейсембаев мұның себебін шағын мектептердің үстінен түсетін шағым көбейіп кеткенімен түсіндірді. 

- Бізде саннан сапаға көшу мәселесі қолға алынып жатыр. Біз жер-жерде ата-аналардан, әкімдіктерден көптеген шағым алып жатырмыз. Жеке меншік мектептердің ашылуына қатысты бейберекеттіктің орын алып жатқандығы, мектеп орны жеткілікті ауданға мектеп ашу жағдайлары, материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтамай, ақша табу мақсатымен ғана жұмыс істеу факторлары бойынша шағымдар түседі. Кезінде жеке меншіктердің саны 100 болса, қазір 900-ге қарай кетіп барады. Сондықтан олардың сапасына бақылау орнатуымыз керек. Ертең дәл сіз сол жеке меншік мектептердегі сапа туралы сұрақ қойып отырсаңыз мен таңғалмаймын. Кемшіліктерге жол беріп қоймай, бәрінің алдын алуымыз керек, - деді ол.

Дегенмен ол соңғы үш жылда жек меншік мектептерді мемлекеттен қолдау көлемі 35 млрд теңгеден 330 млрд теңгеге дейін артқанын атап өтті. 

- Бүгінгі таңда жеке меншік мектептердің құрылтайшыларымен, қауымдастығымен кездесіп, сапа туралы әңгіме қозғап отырмыз. Мекеме жеке меншік болғанымен, бала жеке меншік емес. Балалардың біліміне, қауіпсіздігіне кез келген мекеме жауапты. Оны қадағалауды өзімізге міндет етіп алып отырмыз. Ол болжамдармен келісем, жеке меншік мектептердің үлесі 5 пайызға дейін кемуі мүмкін. Тиісті жабдықтармен жабдықталмаса солай болады. Жоғары аудиторлық палатаның тексеруінде мәлім болды, жертөледе де мектеп ашуға ұмтылған адамдар бар. Ондай мектептер, әрине, жабылады. Жеке меншік мектептер қажеттілік туындаған жерлерде ғана ашылу керек. Ондай мектептерді қолдауға дайынбыз. Қазір жеке меншік мектептермен бірлесіп тексеру жүргізіп, заңсыздықтардың статистикасын анықтаймыз, - деді министр. 

Еске салсақ, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында орта білім беру саясатындағы тұрақсыздық бюджетке қандай салмақ түсіріп жатқанын айтқан болатын

Соңғы жаңалықтар