Жеке меншік мектептердің жабылатыны рас па – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев жеке меншік мектептердің жаппай жабылатыны туралы мәліметтер тарай бастағанына алаңдаушылық білдірді.

— Елімізде 300 мыңнан астам оқу білім алатын 800 жеке меншік мектеп бар. Оларға мемлекеттік тапсырыс тоқтатылады екен деп жатыр. Ертең бірқатары жабыламыз деген хабарламасын айтып жатыр. Оларды қаржыландыру жергілікті бюджетке түсті. Ертең олардың бәрі жабылып қалса, 300 мың оқушыны қайда жібереміз, — деп сұрады депутат.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жертөле мен мектепке сай емес ғимаратта ұйымдастырылған жеке меншік мектептер ғана жабылатынын айтты.
— Бізді сол жеке меншік мектепте оқып жатқан 300 мың баланың сапалы білім алуы министрлікті өте қатты алаңдатады. Біз Жоғары аудиторлық палатаның тексеруі нәтижесінде де жеке меншік мектептердегі білімнің сапасына үлкен сұрақтар туындағанын көріп отырмыз. Рас, егер жеке меншік мектептер жабылатын болса, мына жертөлелерде, мектепке тиесілі емес ғимараттарда орналасуы бірінші кезекте себеп болады. Сондай-ақ, өте сапалы білім көрсетіп отырған (Жеке меншік — ред.) мектептеріміз бар. Оларға ешқандай қауіп төніп отырған жоқ. Мұны нақты айта аламын, — деді министр.
Бұл мәселе Үкімет қабырғасында да көтерілген еді.