Жеке тұлғалар қарыздарын 250-нысандағы декаларцияда көрсетуі қажет пе
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жеке практикамен айналысатын тұлғалар 2 декларация тапсырады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілеу басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтты.

— Дебиторолық-кредиторлық қарызға тоқтала кетейін. Егер жеке тұлға мен жеке тұлға арасында қандай да бір нотариуспен рәсімделген қарыз шарттары болса, онда оны 250-нысанда көрсету қажет. Сонымен қатар нормаға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, егер заңды тұлға мен жеке тұлғаның арасында қандай да бір дебиторлық-кредиторлық шарттар болса және ол салыстырмалы актімен дәлелденсе, онда жеке тұлға оны да деклаарцияда көрсете алады, — деді ол.
Сонымен қатар бас сарапшы есептік жыл үшін тапсырылатын кірістер мен мүліктер деп аталатын 270-нысанға тоқталды.
— Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, кірістер мен мүліктер туралы декларация тапсыратын азаматтардың да тізбесі қысқарды. Бұл нысанды жылда тапсыруға мына тұлғалар міндетті: мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары, мемлекеттік қызметке теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары; банктердің, сақтандыру қорларының ірі қатысушылары және олардың резидент жұбайлары; заңды тұлғалардың басшылары жарғылық капиталдағы үлесі 10 пайыздан асатын құрылтайшылары мен қатысушылары. Ескере кетерлік жайт, коммерциялық емес заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылар бұл нысанды тапсырудан босатылады. Жеке практикамен айналысатын адвокаттар, нотариустар, медиаторлар, жеке сот орындаушылары биыл 2 декларация тапсырады: активтер мен міндеттемелер және кірістер мен мүліктер туралы, — деді Ерсайын Көптілеуұлы.