Жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы қайта іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы жақында қайта іске қосылады. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бағдарлама 2025 жылғы 1 желтоқсанда пилоттық режимде іске қосылып, бірнеше ай жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында құқықтық және техникалық сипаттағы бірқатар мәселе анықталған.
— Салалық мемлекеттік органдардан көптеген ескерту түсті. Мысалы, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды кім төлейтіні, салықты өндіріп алу мәселелері көтерілді. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі барлық цифрлық жүйелер мен деректер базасының толық интеграцияланбағанын айтты. Мемлекеттік органдардан түскен барлық ұсынысты жинақтадық. Қазір қажетті өзгерістерді мақұлдаудың соңғы кезеңі жүріп жатыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Өз кезегінде «Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағы» ЗТБ президенті Қайрат Еламанов бұған дейін қаржылық лизинг тетігінің қағидаларында бағдарламаны іске асырудың кейбір шарттары мен лизингтік компанияларға қойылатын талаптар толық қамтылмағанын айтты.
Оның айтуынша, бұл мәселелердің барлығы Машина жасау және көлік мәселелері жөніндегі заңда ескерілген.
— Қазір осы заңды іске асыратын заңға тәуелді нормативтік акт мақұлданып жатыр. Жалпы, лизингтік компаниялар бағдарламаны қайта бастауға дайын. Құжат күшіне енгеннен кейін бұл туралы қосымша хабарланады, — деді Қайрат Еламанов.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бағдарлама қағидаларына енгізілетін өзгерістер мемлекеттік органдарда келісудің соңғы сатысында тұр. Олар жақында қабылданады.
Бұған дейін Ерсайын Нағаспаев ERG-ді бөлу туралы ақпаратқа пікір білдірген еді.