Жекеменшік мектептер атауы ономастикалық комиссияның шешімімен беріледі - Мәжіліс
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысының бірінші оқылымында ономастика туралы заң жобасы қаралып жатыр.

- Заң жобасының маңызды бағыттарының бірі – жекеменшік білім беру ұйымдарына тұлғалардың есімін беру және оны өзгерту процесін ономастикалық комиссиямен келісу тәртібін енгізу. Соңғы жылдары жекеменшік білім беру мекемелері көбейіп, сәйкесінше оларға түрлі тұлғалардың есімін ешқандай ресми келісімсіз беруі жиілеп кетті, - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов заң жобасын таныстыра отырып.
Халық қалаулысының айтуынша, жекеменшік мектептердің атауына қатысты кейбір фактілер қоғамда резонанс тудырды.
- Осыған орай, енді жекеменшік білім беру ұйымдары тұлғалардың есімін бермес бұрын, облыстық ономастикалық комиссияның ресми мақұлдауын алуға міндеттелмек. Яғни, мемлекеттік білім беру ұйымдары сияқты ономастикалық рәсімдерден өтеді, - дейді А.Аймағамбетов.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында қаралып жатыр.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика белгілі адамдардың туысқандарының ісі емес деп баса айтқан еді.
Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ономастикада жершілдік пен рушылдыққа жол берілмейтінін мәлімдеді.