Жел соқпаса түтін тұмшалайтын Өскеменде экология қашан жақсармақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында биыл желсіз күндер күрт көбейіп, халықтың ауа сапасына шағымы қарша борады. Олар қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан кезде мектеп оқушылары қашықтан оқуға жіберілмей жататындығына да наразылық білдірді. Kazinform тілшісі бұл мақалада қаладағы экология мәселесіне үңіліп көрді.
«Дем ала алмайтын болдық»
Өскеменнің экологиясы бұрыннан бері сан мәрте айтылған, жаза, жаза жауыр болған тақырып шығар. Бірақ тұрғындар үшін әлі күнге дейін түйіні тарқатылмаған түйткіл болып отыр.
Әсіресе осы жылдың басынан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) қалыптасқан күндер саны көбейіп кеткендіктен мәселе одан сайын өзектілене түскендей.
Білмейтіндерге түсіндіре кетейік, қала Алтай тауларының ойысында орналасқандықтан жел соқпаса кәсіпорындар мен көліктерден тарайтын газдар көшелердің ішінде қалады. Сөйтіп шаһарды түтін басады.
— Жел соқпаса дем ала алмайтын болдық. Көшеге шықсақ тамағымыз қырылдап, тынысымыз тарылады. Бізді қойшы, балаларды обал. Неге қаланы түтін басқан күндерде сабақты онлайн форматқа көшіріп отырмасқа? Бізде мұндай шара өте сирек қолданылады, — дейді Балнұр есімді тұрғын.

Қазгидромет статистикасына сәйкес, соңғы 5 жыл ішінде ҚМЖ болған күндердің саны күрт өскен.
Мәселен, 2020 жылы 78 күн тіркелсе, 2021 жылы 42-ге дейін азайған. 2022 жылы көрсеткіш қайта өсіп, 99-ға жетсе, 2023 жылы 124 күнмен ең жоғары деңгейге көтерілді.
2024 жылы 100 күн тіркеліп, ал 2025 жылдың 10 айының өзінде 102 күнде жел соқпады.
— Жалпы соңғы жылдары облыста ҚМЖ қалыптасқан күндер санының көбейгені байқалады. Бұл экологиялық бақылауды күшейту мен алдын алу шараларын арттыру қажеттігін көрсетеді. Осы ретте, Өскемен қаласының ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарымен, атап айтқанда «Казцинк» ЖШС, «ТМК» АҚ, «ҮМЗ» АҚ, «ЖЭО» ЖШС, «Согринская ТЭЦ» ЖШС, «Шығыс жылу» АҚ, «Востокмашзавод» АҚ, «УК Маслозавод» ЖШС қол қойылған өзара іс-қимыл туралы меморандум аясында желсіз күндерде және экологиялық төтенше жағдайларға ден қою мақсатында қоршаған ортаны ластаудың қандай да бір тәуекелдері туындаған кезде ақпарат алмасу мен алдын алу шараларын қабылдау бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ШҚО экология департаментінен.
Меморандум аясында ҚМЖ қалыптасқан кездерде өңірдегі ірі кәсіпорындар шығарындыларды азайту мақсатында өндіріс қуатын 20-50%-ға төмендетуі міндетті. Ауаға тарайтын барлық зиянды шығарындылар автоматтандырылған мониторинг жүйелері арқылы онлайн режимде бақыланады.
Осы ретте биыл өндіріс орындарына қатысты қандай мониторинг жүргізілгендігін білу үшін Kazinform тілшісі құзырлы департамент басшылығына ресми сауалхат жолдады.
— Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің мамандары 2025 жылдың 10 айының ішінде барлығы 33 тексеру жүргізді. Оның ішінде жоспардан тыс — 15, профилактикалық бақылау — 12, біліктілік талаптары бойынша — 6. Нәтижесінде 86 құқық бұзушылық анықталып, олар бойынша тиісті нұсқамалар берілді. Жалпы сомасы 1,73 млрд теңгені құрайтын 58 әкімшілік айыппұл салынды, — деп жауап берді департамент басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов.

Ауа көбіне неден ластанады?
Қала әкімдігінің мәліметінше, ауа тек өндірістік кәсіпорындардан ғана ластанбайды. Бүгінде Өскеменде 132 000-нан астам автокөлік тіркелген.
Көліктердің түтіні бір жылда ауаға тарайтын барлық зиянды шығарындылардың 58,9 пайызын құрайды.
— Қалада пеш жағып отырған жер үй саны — 36 мың. Бұрын халық 120 мың тонна көмір тұтынса, қазір бұл көрсеткіш 250 мың тоннаға жеткен. Ал ЖЭО мен қазандықтар бұрын 1,6 млн тонна, қазір 1,83 млн тонна көмір жағып отыр. Мұның барлығы ауа сапасына әсер етеді. Алдағы уақытта электромобильдерге арналған қуаттау инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасады. Бұл тұрғындарды бензинді қозғалтқыштан бас тартуға ынталандыруға бағытталған. Сондай-ақ мәселені шешудің тағы бір жолы — қоғамдық көлік желісін кеңейту және жаңа автобус бағыттарын ашу. Бұл Ертіс көпіріндегі жол айрығының құрылысы аяқталғаннан кейін мүмкін болмақ, — деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов.
ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан кезде мектептердің қашықтан оқыту форматына көшу алгоритмі әзірленеді.

— Ауа сапасының нашарлауы, көктайғақ немесе күннің күрт суытуы сынды себептерге қатысты сабақты онлайн форматқа көшіру шешімін үнемі білім бөлімдері қабылдайды. Мысалы, Алтай қаласында ауа температурасы -45 градус болып, сабақтар тоқтатылса, бұл шешім Зайсан ауданына еш қатысы жоқ. Білім бөлімдері бізге ақпарат ұсынады, соның негізінде олармен бірге тиісті шешім қабылдаймыз. Мысалы, «Қазгидромет» РМК-нан Өскеменде 23 қазан сағат 20:00–ден 24 қазан сағат 20:00–ге дейін екінші дәрежелі қолайсыз метеожағдайлар күтілетіні туралы ақпарат алдық. Осылайша, қалалық білім бөлімі сабақты қашықтан өткізу форматына ауыстыру жайлы шешім қабылдады. Бізде белгілі бір алгоритм бар, бірақ оның бір кемшілігі — әкімдік пен білім бөлімі арасындағы өзара әрекеттестіктің болмауы. Қала әкімі шешім қабылдауға құқылы, алайда білім бөлімі оған емес, облыстық Білім басқармасына бағынады. Алдағы уақытта бұл алгоритмді жетілдіреміз, — деді ол.
ШҚО экология департаменті Өскеменде ауа сапасын жақсарту мақсатында бірнеше жаңа экологиялық жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті.
— Ең басты бағыттардың бірі — кәсіпорындарда автоматтандырылған шығарындылар мониторинг жүйелерін енгізу және олардың жұмысын толық қамтамасыз ету. Бұл жүйе деректерін онлайн режимде жинау арқылы шығарындыларды нақты бақылауға алу, нормативтерден асулар туындаған жағдайда жедел шаралар қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қосымша датчиктер орнату арқылы мониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл шара қала аумағында ауа сапасын жедел бақылауға мүмкіндік беріп, шұғыл экологиялық шараларды қабылдауды жеңілдетеді. Экологиялық бағдарламалар шеңберінде акциялар, рейдтер және қоғамдық бақылау жүйелері іске асырылып, кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына мониторинг жасалады, — дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов.

Мамандар кеңесі
Шығыс Қазақстан облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ҚМЖ кездерінде тұрғындарға не істеу қажеттігі жайлы бірқатар кеңес берді:
- Ашық ауада серуендеуден аулақ болыңыз. Жүкті әйелдер мен балаларға түтін басқан көшеге шықпауды ұсынамыз. Денсаулығында кінәраты бар адамдар қажетті дәрілерін әрдайым өзімен бірге алып жүруі керек;
- Үйдегі ауаны мүмкіндігінше таза ұстаңыз. Терезе мен есікті жабыңыз, кондиционерді қосып, сүзгіні таза ұстау арқылы сырттағы түтінді ішке кіргізбеңіз;
- Терезелер мен вентиляция саңылауларын ылғалдандырғыш мата арқылы жауып, оны мезгіл-мезгіл ауыстырып тұрыңыз. Бөлмелерге су құйылған ыдыстар қойып, ауаны ылғалдандырып отырыңыз;
- Көлікпен келе жатсаңыз кондиционерді пайдаланыңыз және терезелерді жабық ұстаңыз;
- Күніне 2-3 литр сұйықтық (минералды су, тәтті қосылмаған итмұрын, қарақат шырыны, жасыл шай) ішіңіз. Кішкентай балаларға қайнатылған су беріңіз, нәрестелерді жиі емізіңіз;
Бұл шаралар қолайсыз метеорологиялық жағдайларда ағзаны зиянды әсерден сақтау үшін маңызды.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да экологиялық талаптарды бұзған асфальт зауытының жұмысы тоқтатылуы мүмкін екені хабарланған.