Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Балағат сөздің адамға әсері қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Бейәдеп сөздің әлеуметтік желіде де, күнделікті өмірде де жиі қолданылуы алаңдатады. Оның қоғам психологиясы мен сөйлеу мәдениетіне әсері қандай? Бұл жайды Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге саралады.

боқауыз сөздер
Фото: Kazinform \ ЖИ

Бейәдеп сөздің тілдік ортаға әсері

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, әлеуметтік лингвист Қуатбек Дүйсеннің айтуынша, бейпіл сөздер қолданыс аясы шектеулі лексикаға жатады, яғни олар тілдің жалпы қолданысына тән емес, көбіне белгілі бір жағдайда және бейресми қарым-қатынаста пайдаланылады. Соған қарамастан мұндай сөздер әлеуметтік желіде, қоғамдық орындарда және күнделікті қарым-қатынаста жиі кездеседі.

– Былапыт сөз – ауызекі тілдің қарабайыр, пәс қабатына жататын, қолданыс аясы шектеулі лексика. Сондықтан оны қазақ тілін қалыптастыратын негізгі қабат деуге келмейді. Әдетте олар адамды кемсіту, намысына тию, ашуландыру мақсатында айтылады. Алайда қазақы ортада мұндай сөздердің психологиялық әсері күшті емес деп есептеймін. Керісінше, «көргенсіз» сияқты бір ғана сөздің өзі адамға ауыр тиеді. Ал қарғыс сөздердің психологиялық салмағы бейпіл сөзден әлдеқайда ауыр, – деді лингвист.

Қуатбек Дүйсен
Фото: Қуатбек Дүйсеннің жеке мұрағатынан

Демек, бейәдеп сөз тілдің негізгі қабатына жатпағанымен, оның жиі қолданылуы сөйлеу ортасына әсер етпей қоймайды. Өйткені адамның сөздік қоры мен сөйлеу дағдысы күнделікті еститін сөздері арқылы қалыптасады. Бұл әсіресе эмоциясын сөзбен жеткізуді үйреніп келе жатқан балалар мен жасөспірімдерге қатысты.

Сөздің адам психологиясына әсері

Клиникалық психолог Еркежан Мұратқызының айтуынша, адам бейпіл сөзге көбіне күшті эмоциясын қысқа әрі әсерлі жеткізу үшін жүгінеді. Ашу, реніш, қорқыныш немесе ауырсыну кезінде мұндай сөз ішкі қысымды уақытша жеңілдетуі мүмкін. Кейде ол бейресми ортада сөйлеуді әсерлі етуге, әзілге реңк беруге немесе өзін ересек етіп көрсетуге де қолданылады.

Алайда эмоцияны осылай жеткізу жиі қайталанса, ол әдетке айналуы мүмкін.

– Бейпіл сөзді жиі қайталау біртіндеп әдетке айналып, адам оны автоматты түрде қолдана бастайды. Бастапқыда ұят немесе жиіркеніш тудырған сөз уақыт өте келе қалыпты құбылыс ретінде қабылдануы ықтимал. Осылайша ол өзіне де, қоғамға да зиян тигізеді, – деді психолог.

Еркежан Мұратқызы
Фото: Еркежан Мұратқызының жеке мұрағатынан

Мұның әсері сөзді айтқан адаммен ғана шектелмейді. Балағат сөз тікелей біреуге бағытталса, оны естіген адам өзін қорланған, кемсітілген немесе дәрменсіз сезінуі мүмкін. Ал мұндай жағдай қайталана берсе, дөрекі қарым-қатынас қалыпты құбылыс ретінде қабылдану қаупі бар.

Әлеуметтік желідегі әдеп

Бұл мәселе әлеуметтік желіде одан әрі күрделене түседі. Себебі жасөспірімдер айналасындағы мінез-құлық үлгілерін белсенді қабылдайды, ал желідегі контент олардың ненің қалыпты, ненің қолайсыз екенін бағалауына ықпал етеді.

– Жасөспірімдердің тұлғасы әрдайым қалыптасу кезеңінде болады. Олардың ұстанымы мен ненің рұқсат етілетіні туралы түсініктері әлі толық қалыптаспаған. Бүгінде әлеуметтік желілер олардың өзін қалай ұстағысы келетініне, сыртқы келбетіне және нені қолайлы деп санайтынына айтарлықтай ықпал етеді. Олар үшін танымалдық, айналасындағылардың пікірі және қоғам тарапынан мойындалу маңызды, – деп түсіндірді психолог.

Осы жерде лайк пен қаралым үшін жасалған әрекеттің ықпалы байқалады. Балағат сөз, қорлау немесе арандатушылық көпшіліктің назарын аударып, танымалдық әкелетінін көрген жасөспірім мұны өзін танытудың бір жолы деп қабылдауы мүмкін.

– Мысалы, сыныптасын камераға түсіріп балағаттау немесе қорлау да біртіндеп рұқсат етілетін әрекет ретінде қабылдануы мүмкін. Мен барлық балаға қатысты жалпылама пікір айтқым келмейді, әр адамның жағдайы әртүрлі. Бірақ, меніңше, өзгермейтін бір қағида бар: қатыгездік қатыгездікті тудырады, – деді маман.

Сондықтан психолог мәселені тек тыйыммен шешуге болмайтынын айтады. Баланың әрекетінің себебін түсіну, онымен ашық сөйлесу, эмоциясын дұрыс жеткізуге үйрету және нақты шекара белгілеу маңызды.

Сөз жауапкершілігі

Қолданыстағы заңнама бойынша қоғамдық тәртіпті бұзатын және айналадағыларға анық құрметсіздік танытатын әрекеттер ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша бағаланады. Заңгер Нұрболат Ибраевтың айтуынша, ұсақ бұзақылық үшін алғаш рет 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейеді.

Ал былапыт сөз нақты адамды әдепсіз түрде кемсітуге ұласса, ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы бойынша қорлау ретінде қаралуы мүмкін. Бұл жағдайда 100 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген. Қорлау көпшілік алдында немесе онлайн-платформалар арқылы жасалса, жауапкершілік күшейеді.

Әлеуметтік желідегі құқық бұзушылықтың тағы бір ерекшелігі – оның қысқа уақытта көпшілікке таралуы және цифрлық ізінің сақталуы.

– Бүгінде әлеуметтік желілер, соның ішінде TikTok пен Instagram желілеріндегі тікелей эфирлер қоғамдық кеңістікке айналды. Бұрын құқық бұзушылықты бірнеше адам ғана көрсе, қазір оның аудиториясы мыңдаған қолданушы болуы мүмкін. Дәлел жинау процесі де өзгерді. Бұрын куәгерлер мен қосымша материалдар қажет болса, бүгінде құқық бұзушылар өздері жасаған әрекеттерін видеоға түсіріп жатады. Құқық қорғау органдарына құқық бұзушылық фактісін анықтап, қажетті материалдарды жинап, оған құқықтық баға беру ғана қалады, – деп атап өтті Оксфорд университетінің құқық магистрі, БҰҰ-ның заң кеңесшісі Халида Әжіғұлова.

Халида Әжіғұлова
Фото: Халида Әжіғұлованың жеке мұрағатынан

Айта кетейік, Қазақстанда соңғы екі жылда онлайн-платформалардан балағат сөздер бар 161 материал анықталды. Өшірілген контент саны бойынша TikTok көш бастап тұр.