Желтоқсан-86: қаршадай қазақ қызы саяси сенімсіздер қатарына қалай қосылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — 1986 жыл. Желтоқсанның ызғарында алаңға әділдік іздеп шығып, кеңес билігінің тепкісін көрген өрімдей бозбалалар мен бойжеткендердің ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа аңыз болып айтылып жүргені хақ.

Желтоқсан-86: қаршадай қазақ қызы саяси сенімсіздер қатарына қалай қосылды
Фото: Сая Торбаеваның жеке мұрағатынан

Азаттықты жақындата түсуге сеп болған Желтоқсан оқиғасында керекулік Сая Торбаева да аз теперіш көрмеді.

Қарашаның соңғы онкүндігінде қалбалақтап жауған қар желтоқсанның ортасына қарай үдей түсіп, соңы сарышұнақ аязға ұласқан. Жаяу жүргіншілер жүретін жолды, көшені жұмысшылар тазалап үлгермейді. Үйілген қардың биіктігі кісі бойынан асады. Студент Сая Торбаеваның өмірін өзгерткен ерекше қыс басталды…

Желтоқсан-86: қаршадай қазақ қызы саяси сенімсіздер қатарына қалай қосылды
Фото: Сая Торбаеваның жеке мұрағатынан

Бүгінгі сабақ облыстық партия комитетінің артындағы Н.Гоголь көшесінде орналасқан медицина институтының бас ғимаратында өтеді. Алғашқы сабақ — «Терапеядан» дәріс, қалмау керек. Доцент В.Липихин өте қатал адам, студенттер бір минут кешіксе, екі пар бойы дәлізде тұрғызып қояды немесе деканатқа барып рұқсат сұрауың керек.

Желтоқсан-86: қаршадай қазақ қызы саяси сенімсіздер қатарына қалай қосылды
Фото: Сая Торбаеваның жеке мұрағатынан

Бойжеткен қалың жауған күпсек қарды сықырлата басып сабаққа асығып келеді. Ғимаратқа жақындай бергенде ұрандатып келе жатқан қалың нөпірді байқады. Басында не болып жатқанын түсінкіремеген. «Неге қазақты қоймайды?», «Неге басқа ұлттан?», «Қазақ болуы керек?», «Қазақ болсын!» деген ұранды сөздер. Шеттеу тұрған біреуінен сұрап еді, «Қонаевты алып тастап орнына басқа жақтан, өзге ұлттан қойыпты» деді.

Сая мектепті орыс тілінде бітіріп, институтта да орыс тобында оқитын. Қазақшасы да шалалау. Сол кезде қандай бұла күш екені белгісіз, іштен буырқана шыққан жан дауысы: «Қалай сонда, Қазақстанды басқа ұлт өкілі неге басқаруы керек?!» деп ширыға шықты. Бұл оның ғана емес, сол саяси сәттегі алаңға шыққан бүкіл қазақ жастарының ұлттық санасының сілкінісі болса керек. Сырттағы сақылдаған аязға қарамастан бүкіл тұла бойын от-жалын шарпып өтті. Қалың нөпірге араласты да кетті. Қалың топ бірі-біріне білектерін айқастырып, алаңға қарай беттеп келеді. Көбі жастар. Педагогикалық институттың жатақханасы әлгі оқу ғимаратының жанында болатын. Одан да жүгіріп шығып жатқан студенттер сапқа қосылды. Политтехтің, өзге де оқу орындарының студенттері ағылып келіп жатыр. Қатарлары көбейе түсті. Факультет деканы мен орынбасары «қайтыңдар», «кері қайтыңдар» деп қалың қарды омбылап жүгіріп жүр. Әр жерден қолдарын сермеп бірдеңе деп айқайлап жүрген оқытушылардың да қарасы көрініп қалады. Олар да дәрменсіз. Ұрандатып, топтасып келе жатқан ашулы топты тоқтату оңай емесін білді ме кейіндеп қала берді.

— Алаңға таяй бергенде қара киім киген адамдар мен милициялар, әскери формадағылар бізді жан-жақтан қоршай бастады. Шерушілер сонда да қайтар емес. Ұрандатып, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап алға ұмтылды. Күтіп тұрған солдаттар қолдарындағы дубинкаларымен алдыңғы топты ұрып тарқата бастады, кейбірінің қолын қайырып, енді біреулерін екі аяғынан сүйреп топтан шығаруға тырысуда. Алаңға жеткізбей кері шегіндірді. Құлап, аяққа тапталып айғайлап, шыңғырып, ышқынып, ыңырсып жатқан дауыстар. Тұруға шама жоқ, тапталып жатыр. Кейбір қыздардың көзінде жас, бар дауысымен әндетіп келе ме, ұрандатып жатыр ма, ызаның, үрейдің көз жасы ма түсініксіз… Менің салмағым жеңіл болғандықтан қалың топтың ішінде аяғым біресе жерге тимей, бірде жерге тіреліп жүріп келемін бе, жүгіріп келем бе өзім де түсінбеймін. Бар ойым — құлап қалмау. Құласаң болды қайта тұру жоқ, тапталып аяқ астында қаласың. Алаңнан бастап қоршауға дейін шегіндіріп, институттың бас ғимаратына әкеп тіреді. Қыспақтың күштілігі сондай арқа жағыммен келіп тірелген терезенің әйнегі шытынап сынып түсті, — деп еске алады сол бір ызғарлы күндер жайында Сая апай.

«Әскерилер мен милиция қызметкерлері бізді арнайы әкеп қойған автобустар мен жабық машиналарға күштеп енгізе бастады. Қарсыласқандарды екі аяқ, екі қолдан ұстап көліктердің ішіне лақтырып жатыр. Мені екі жағымнан ұстаған екі солдат дедектетіп сүйреп әкеліп автобустың ішіне бірақ тықты. Жан — жағыма қарасам, біздің топтан Ахметова Жұмагүл және басқа факультеттің студенттері бар екен. Көбінің көздері көгерген, еріндері жырылған, енді біреуінің басынан аққан қан қабыршақтанып қата бастапты. Бір кезде менімен бір топта оқитын Бөлтірікова Баянды екі солдат екі жақтан демеп ес-түссіз күйде автобустың еденіне лақтыра салды. Басынан аққан қан екі бетін жауып кеткен. Көтеруге шама жоқ, Жұмагүл екеуіміз сүйреп әкеп орындыққа отырғыздық. Есін жиғанда айтқаны „Дубинкамен бастан ұрды ғой иттер“ деді еріндері дірілдеп.

Бізді Жамбыл ауданының ішкі істер басқармасына алып келіп, үлкен бір бөлмеге әкеп қамады да әрқайсымыздан жеке-жеке жауап ала бастады. Сұрап болған соң біз отырған бөлмеден шығып кетті де біраз уақыттан кейін қайта келіп, «сен, сен, орныңнан тұр» деп төрт-бесеуін тұрғызды да мекен-жайын, оқу орнын өтірік айтқанын жеткізіп, қайта сұрай бастады. Ол кезде қазіргідей ақпаратты жылдам алатын құрығылар жоқ, бұлар қайдан білді деп қайран қалдым. Кейін өзімнен жеке жауап алғанда бұлардың қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері екенін білдім.

Мені тергеген бойы ортадан сәл жоғары жіңішке келген, орта жастағы, денесін тік ұстайтын, әдемі көзілдірік таққан азаматтық киімдегі сіліңгір қара қазақ болды. Кейін білгенімдей, ол ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы екен. Өте сыпайы сөйлейді. Бір топта оқитын Марал деген қыз тергеушілердің қысымына шыдамады ма, әлде тезірек құтылғысы келді ме екен, кім білсін, «Алаңға бізді алып шыққан Торбаева Сая болатын» деп мені ұйымдастырушы ретінде көрсетіп жіберіпті. ҰҚК бастығының мені жеке тергеуі де сол екен…

Қауіпсіздік комитетінен апта сайын шақырту қағаз келеді, сенбі күні уақытынан қалмай тергеуге барамын. Бар ойым үйдің-іші біліп қоймаса екен деп жүрмін. Тергеу де бітті. Қандай шешім шығарғанын білмеймін, әйтеуір шақыртуды қойды» деп жалғастырды желтоқсаншы.

Кейін алаңға шығуды ұйымдастырған медициналық институттың абонент бөлімінде істейтін кітапханашы екенін естиді. Егде жастағы қазақ әйелін алаңға қарай бара жатқанда жолдың шетінде тұрғанын көргенін, кейінгі тағдыры не болғанынан хабарсызбын деп бір толғанды.

Мәселелері енді институтта қаралды. Комсомолдан қуылғаннан кейін, факультет жиналысының шешімі бойынша Торбаева Сая, Бөлтірікова Баян, Аңдамасова Жанна, Исхакова Гүлжамал, Мұхамедиева Гүлбаршын, Ахметова Жұмагүл 3-курстан оқудан шығарылады.

Желтоқсан-86: қаршадай қазақ қызы саяси сенімсіздер қатарына қалай қосылды
Фото: Сая Торбаеваның жеке мұрағатынан

«Кейін еңбек кітапшама қарап отырсам, оқудан шығару туралы екі бұйрық жазылыпты: алғашқысы 1986 жылдың 31 желтоқсандағы № 1147 бұйрық, екіншісі 1987 жылдың 9 қаңтарындағы № 9 бұйрық. Ауылға келіп, жұмысқа тұрмақшы болдым. Шешем екеуіміз күні бойы жұмыс іздеп қақпаған есігіміз жоқ. Еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Кітапшаны көреді де бастарын шайқайды. Әкем таныстары арқылы қаладағы дәріханаға еден жуушы қылып орналастырды. Жұмысшылар менімен көп араласпайды. „Саяси сенімсіз“ екенімді бұлар да білетін сияқты. Бір жыл еден жудым».

Желтоқсан-86: қаршадай қазақ қызы саяси сенімсіздер қатарына қалай қосылды
Фото: Сая Торбаеваның жеке мұрағатынан

Сая Торбаеваның ендігі оқуға қайта қабылдану, қабылданбауын институттың ғылыми кеңесі шешетін болды. Факультет деканы Ғалым Исламғалиев жақсы пікір білдіріп, оқу бөлімінің меңгерушісі Н.Эйрих: «У Торбаевой в зачетном книжке хорошие оценки, училась хорошо, голосую о восстановлении» деп қолдайды. Сөйтіп 1987 жылдың 8 желтоқсанында оқуға қайта қабылданады.

Желтоқсан-86: қаршадай қазақ қызы саяси сенімсіздер қатарына қалай қосылды
Фото: Сая Торбаеваның жеке мұрағатынан

Қарапайым қазақ қызының табанынан өткен Желтоқсан ызғарының шындығы осы. Сая Торбаева азаттықтың ақ таңы атқалы медицина саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етуде. Қазіргі күні Павлодар медициналық колледжінде болашақ ақ желеңділерді даярлауға зор үлесін қосып жүр. Жолдасы Әділбек Әміренов филология ғылымының кандидаты, доцент. Шаңырақтарында дүниеге келген екі ер баласы бүгінде ел қатарына қосылып қалған. Ағамыз бен жеңгеміз бейбіт заманның мәңгілігін, тәуелсіздігіміздің баянды болуын жатса-тұрса тілеп отырады.

Соңғы жаңалықтар