Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар Батыс Қазақстан облысында да аз емес
ОРАЛ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бұдан 27 жыл бұрын, 1986 жылы Алматы қаласында Желтоқсан көтерілісі орын алғаны белгілі. Ел тарихында Азаттық үшін арпалысып, қанын да, жанын да бергендер аз болмаса, Қазақстанның тәуелсіздік алуына сол оқиғаға қатысқандар да өз үлесін қосты.
Бастапқыда Желтоқсан оқиғасы деп аталып, бүкіл қазақ халқына «ұлтшыл» атағы таңылғанымен, кейінгі кезде оны көтеріліс деп атау туралы жиі айтылып келеді.
Желтоқсанның сол аязды күндері ел басшылығына сырттан келген адамның тағайындалуына байланысты наразылық білдіріп, алаңға барғандар арасында Батыс Қазақстан облысынан Алматыда оқып немесе жұмыс істеп жатқандар аз болған жоқ. Соның бірі - қазіргі кезде Орал қаласында тұратын, Жалпақтал топырағында туып-өскен Әлібек Тәутенов. Төтенше жағдай саласында қызмет ететін оның жадынан сол күндер еш уақытта өшпек емес. Әйтеуір ереуілге қатысқан Әлібек аса көп зардап шекпеген. Тұщы етіне ащы таяқ тигенімен, оларды басқалардан бөлектеп қуған жазалаушылар Алматының әуежайы, Талғар ауылы жағына желкелеп апарып тастаған да, жөніне жүре берген. Солардың ішінде жүрген қоғамдық тәртіп сақшысы, ұлты қазақ, мосқалдау майор:
- Шырақтарым, жағдайды ушықтырмаңдар! Үйлеріңе қайтыңдар! - деп жылы үнмен қамқорлық таныта сөйлегесін, ішінде Әлібек бар, басқасы бар сол жерден дереу кетті. Кетпеске де шарасы жоқ еді.
Тағдыр жалпақталдық жігітке оң көзімен қараса керек. Көтерілістен кейінгі қым-қуыт күндерде, сірә, құзырлы орындардың назары негізінен студент жастарға ауып, жұмысшылар көп еленбеген сыңайлы. Ал Әлібек тек жай жұмысшы емес, өндіріс озаты болатын. 1985 жылы әскер қатарынан оралған ол Алматы қаласындағы тұрмыстық аспаптар жасайтын зауытқа жұмысқа кіргенді. Алғашында қарапайым жұмысшы болған оның техникаға бейімдігін байқаған шеберлер атақты «Алматы» кір жуу машинасын құрастыру цехына ауыстырды. Сөйтіп, таңдаулылар қатарына еніп, мақтау-марапатқа ие бола бастады. Оны бірден байқап, өсіріп жүрген де өзге ұлт өкілдері, соның ішінде орыстар.
- Біз алаңға орыс халқына қарсы наразылық білдіріп шыққанымыз жоқ, - деді Әлібек, - Өзге ұлт өкілдері секілді, қарапайым орыстың да талай жақсылығын көрдім. Сондықтан ондай ойымыз болған да емес. Орталықтың озбырлық әрекетіне қарсылық көрсетуді бәзбіреулер күні бүгінге дейін теріс түсіндіруге тырысып бағады.
Міне, сол өзі айтқан қарапайым жандардың қамқорлығы шығар, ол әрі қарай алаңсыз жұмыс істеп, жатақханада өмір сүрді. Алайда түбінде тіміскілеудің таяғы тиерін сезгесін, уақытша орын ауыстыруды қалапты. Өзіндей «күдікті» көптеген қазақ жігіттерімен бірге 1989 жылы Алматыдан Хабаровск аймағына кетті. Осындағы Светлогорск қаласына келіп тұрақтап, бетоншы болып жұмыс істеді. Он айдан соң, жас жұбайымен елге оралуды ұйғарды. Ауылына келсе, тыныш екен. Мұны ешкім сұрап, тумаларын мазаламаған. Арада жылдар өткен соң, облыс орталығына ауысты.
- Бізге енді жетпей тұрғаны - қоғамдық ұйым құру, - дейді Әлібек Тәутенов. - Меніңше, Орал қаласының өзінде он шақты «желтоқсаншы» бар. Солардың бірі - жерлесім Ақылбек Қуанғалиев. Екінші жерлесім Амангелді Мырзағалиев те аман-сау. Маңғыстауда вахталық әдіспен жұмыс істеп, күнделікті нәпақасын тауып жүр. Өзге аудандарда да баршылық. Әзірге басымыз қосылмай жүр.
Сол секілді Жәнібек ауданында сонау 1986 жылы желтоқсанның сұрапыл күндері көтеріліс алаңындағы қазақ жастарының қатарынан табылған Талғат Аққойшин, Сүйінғали Шүкіров сынды азаматтар өмір сүріп жатыр.
Қазір республикада да, облыс орталығында да сан алуан қоғамдық ұйым әрекет етеді. Ол дұрыс та. Тек өңірде желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың әлеуметтік мүдделерін қорғайтын қоғамдық ұйым жоқ. Желтоқсаншылардың алды елу жастан асса, соңы соларды өкшелеп келеді. Сондықтан олардың әлеуметтік мүдделерін (тегін емделу, пәтер кезегі, қосымша өтемақы т.б.) тек қоғамдық ұйымның заңдық негізде қорғай алатыны еш талас туғызбайды.