Желтоқсан оқиғасы саяси санамды оятты - Қасиет Малғаждаров
Биыл қазақ жастарының кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы шыққанына 37 жыл толды. 1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында болған үлкен толқудың жаңғырығы еліміздің барлық өңіріне жетті. Сол кездегі ақмолалық жастар да ел тарихындағы маңызды оқиғадан қалыс қалмады. Көкшетау қаласының орталығына шығып, қазақ жастарына қолдау білдірді. Бұл туралы Kazinform тілшісіне «Желтоқсан 1986-Көкшетау» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қасиет Малғаждаров айтып берді.
Ол кезде Көкшетау кішірек, әрі тыныш қала болатын. Басқа қалалардағыдай қым-қуыт тіршілігі қайнаған, көшелері ызың-шуға толы емес. Нағыз мамыражай күй кешетін, жан тыныштығын ойлайтын жандардың мекені, санаулы зауыт-фабрикасы бар, ірілі-ұсақты оқу орындарындағы студент санымен қала көшелері толып, өзінше өмір сарыны қалыптасқан шағын шаһарлар қатарында еді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы сол кезде солтүстік өңірдегі білімнің қара шаңырағы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқитын алты жігітті айналып өтпеді.
– 1986-1987 оқу жылы еді, даярлық курсының деканы, п.ғ.к. Қайыржан Қожабаев болатын. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында бұл күнде ортамызда жоқ ұстаздарымыз: Нарбай Ыбыраев, Жағыпар Мусин, Оғаз Сұлтаньяев, тарих пәнінен Тоқтар Қожин ағайларымыз дәріс оқитын. Ол кезде жоғары оқу орындары бүгінгідей бір ортаға біріктірілген ортақ университет емес институт атауындағы жеке-жеке оқу орындары еді. Сол пединститутты ол кезде студенттер шартты түрде «жаңа корпус» және «ескі корпус» деп атайтын. Біз сол ескі корпуста оқитынбыз. Маңдайымызға жазған 2 жатақханада бір бөлмеде алты жігіт – Ербол Балтабаев, Ақылбай Теміров, Ғалым Қазжанов, Айдар Қожабаев, Жанат Төлегенов және мен тұратын едік, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – Әдеттегі күндердің бірінде желтоқсан айының орта шені болса керек кешкілік сабақтан кейін демалып жатқанбыз. Бөлмемізге Көкшетау ауылшаруашылық институтының студенті Дулат Жамантиков есімді (Айыртау ауданы Ақан ауылынан) жігіт кіріп келді де салқын да қысқа амандасып, тездетіп, апыл-ғұпыл сөйлей жөнелді. Әңгіме бірден «ұйқыдан ояну керектен» басталды. «Астанамыз Алматыдан бір оқытушы мен екі студент ұшақпен ұшып келіп, кеше «Селхозда» болып мән-жайды айтты, енді біз сол жағдайды студент жастарға айтып, жеткізудеміз. Қысқасы елімізде мынадай жағдай: Алматы қаласындағы студент жастар елімізде болып жатқан саяси ахуалға байланысты бас көтеріп, бейбіт шеруге шықпақшы. Әр одақтас республиканың басшылары өз ұлтынан, ал бізде бірінші хатшы Д.А. Қонаевтың орнына Мәскеуден ел тарихын, жер тарихын, қазақ ұлтының менталитеті мен салт-дәстүрінен хабары жоқ В. Колбин деген біреуді алып келіп, тағайындапты. Қазақстанның әр қаласында осыған орай толқулар болып жатыр, сол себепті біздер де қарап қалмай, алаңға шығып өз ойымызды, бар екендігімізді көрсетуіміз керек. Қашан және қай жерде жиналатынымыз жайлы қосымша хабар береміз. Әлі біраз кіріп, айтып шығатын жерлер бар, жақсы жігіттер, кездескенше», – деп асығып шығып кетті.
Сол кезде бөлмеде қалған алты жігіт біраз үнсіз отырып, аздан соң әрқайсысы өз ойын айта бастайды. Дәлізге шығып басқа бөлмедегі жігіттермен де желтоқсан жайлы әңгімелеседі, еліміз, жеріміз, ұлтымыз жайлы мүлде жаңаша саяси саналары қалыптасқандықтарын айтады.
– Ертесінде сабақ арасында үзілісте жүрген кезімізде сықпыты суық болса да сыптай киініп, галстук таққан халық арасында «үш әріп» аталып кеткен (КГБ) қызметкерлерін байқадық. Олар басшылармен қоса, ұстаздарымызды да, бізді де жинап алып, алаңға шықпауымызды өтінді. Алайда, не айтса да айта берсін, ақыл-кеңестерін тыңдаған сыңай танытып, ішімізден «нартәуекел шығамыз» деп белді буып тұрмыз. Себебі, олардан бұрын ертеректеу сырттан келген ұлтжанды азаматтар ескі корпуста оқитын барлық жігітті жинап, мән-жайды түсіндіріп, уақытын да айтып, уәделесіп қойғанбыз.
Желтоқсан айының нақты қай күні екені есімде жоқ, әйтеуір екінші он күндігінде болу керек, «сағат он екіде орталық алаңға барамыз» деп келіскенбіз. Осы уақытта Тоқтар Қожин ұстазымыз тарих пәнінен дәріс оқып жатты. Оны тыңдап, конспект жазып отырған біз жоқпыз. «Кеттік деген бұйрық қашан болады, кім келіп айтады екен?» деп, көңіліміз алаңдап, көзіміз есік жаққа қадаулы болды. Көп кешікпей 1-курс студенті Әлібек Шәріпов есіктен басын сұғып: «Жігіттер! Неғып отырсыңдар! Кеттік!» - деп айтуы мұң екен, алтауымыз бір адамдай орнымыздан атып тұрып, дәрісханадан шыға жөнелдік.
Әлібек Шәріпов бізді бастап, ренжіген түрде жүре сөйлеп келеді: «12.00-де жаңа корпустың алдына жиналып, орталық алаңға шығамыз» деп айтылды ғой. Біз кешігіп қалдық, енді орталық алаңға осы қалыппен тура барамыз. Корпустың алдыңғы есігінен шыға алмаймыз, онда «үндеместер» тұр», - деп үшінші қабаттан жертөлеге түскенше айтып үлгерді. Біз кінәлідей үндемей соңынан еріп келеміз. Әйтеуір ешкімнің көзіне түспей, қазіргі Ақан сері көшесіндегі педагогикалық институттың асханасының артқы есігінен шығып, жаңа корпустың алдынан өтіп, орталық алаңға кіре бергенде алдыңғы барғандарды ұрып-соғып таратып, аяқтап жатқан сәті екен. Бізді де бірден бас салып, қолдарында шоқпары (резеңке дубинкалары) бар әскери формадағылар қуа жөнелді. Қатарымыз да сондай көп емес-тін. Бірен-сараны болмаса, жаппай қатты соққыға да ілінбедік. Кімге қай жаққа қарай қашу ыңғайлы болды, сол жаққа қарай қашып қолға түспедік. Содан не керек кешке (сегіз-тоғыз шамасында болу керек) қайтадан пединституттың қатар тұрған екі жатақханасының ортасындағы алаңына жиналып, сол жерден орталық алаңға аттанатын болып шешілді», – деді Қасиет Малғаждаров.

Ол кезде қазіргідей барлық көшеде жарқыраған жарық жоқ, қала тастай қараңғы.
– Абай көшесіндегі бұрынғы КМЗ-дан (машина жасаушылардың мәдениет үйі) бастап, алғашқы ерте жиналған (негізінен селхоздың жігіттері, КИПТ жігіттері, пединститут жігіттері) студенттер топ-топ болып орталық алаңға кете бастады, осының бәрін селхоздың бір топ жігіті басқарып тұрды (кейінірек жиналған топтарды сол жерде қоршап алып, алаңға жібермей қойған көрінеді). Алғашқы қалың топ қазіргі облыстық әкімшіліктің тұсынан өтіп, алаңның ортасына жете бергенде жан-жақтан жарық жарқ-жұрқ ете қалды да, қараңғыда көрінбей тұрған автобустардан жан-жақтан сау еткен әскери формадағылар жастарды қолындағы шоқпарларымен ұрып-соғып, ұстап, қолдарын артқа қайырып, енді бірін сүйрелеп автобустарға, әскери жеңіл машиналарға қарай әкетіп бара жатты.
Орталық алаңға жиналғандар абыр-сабыр, айғай-шу, азан-қазан болып, жан-жаққа қаша бастады. Бір топ жас болып үйлер мен ғимараттар арасымен қаштық. Бүгінгідей зәулім ғимараттар жоқ. Абай көшесіндегі көпқабатты бизнес орталығы тұрған жерде ескі қоршауы бар жатаған үйлер болатын. Сол үйлердің қоршауынан бірнеше жігіт секіріп өтпек болған кезде қоршау біздің салмағымыздан құлады. Осы бетпен жүгіріп отырып медколледждің маңына келіп біраз жасырынып, сәл саябырлаған соң ауылшаруашылық институтының жатақханасына жиналдық.
Жатақхана іші гу-гу әңгіме, «Кімді ұстап әкетті? Анау қайда? Мынау қайда?» деп жігіттер өз топтарын түгендеп жатыр. Беті қайтқан бір жігітті көрген жоқпын, қайта керісінше қайраттанып алған. Содан бәрін түгендесіп болған соң, әңгімелерін айтысып болған соң, барлығын ертеңнің еншісіне қалдырып, «сабыр сақтайық, ары қарай не болатынын күтейік» деп бір тоқтамға келіп тарасты. «Ал, жігіттер, ондай болса, мен де енді жатақханама барайын, ол жақта не болып жатыр екен?» - дедім. Қанат деген досым «осында қона сал, әр көше бойында торуылдаған әскери жасақтар қаптап жүр, ұсталып қаласың, қайтесің», - деді. Мен «Рахмет жігіттер, бірге жатқан жігіттердің аман-саулығын білмей, көңілім орнына түспей тұр және ұйықтай да алар емеспін. Не де болса баруым керек» деп қоштасып кете бардым, – деп жалғастырды кейіпкеріміз. – Түнгі он екі-бірлер шамасында пединститут жатақханасын бетке ұстап, Уәлихан көшесін кесіп өтіп, қала ортасында орналасқан зираттың ішімен өз жатақханама келдім. «Ауылдан енді ғана келдім» деп сендіріп, бөлмеме зорға өттім. Бірге тұратын курстас жігіттерім бәрі аман. Олар мен біраз кешіккен соң, «ұстап әкетті» деп уайымдап жатыр екен. Әйтеуір, бәріміз аман екендігімізге шүкір десіп, қуанысып қалдық.

Бірге оқитын, бір бөлмеде жататын Ақылбай Теміровтің туыс ағасы және жерлесі Қасым Жанатты ұстап алып кеткенін, тағы біраз танитын жігіттерді қолдарын қайырып, ұстап әкетіп бара жатқандарын, ұрып-соққандарын айтып көңіліміз жабырқады. Мен селхоздағы жігіттердің әңгімелері мен шешімін айттым. Сөйтіп, «ертең не болар екен көрерміз» деп, бір-бірімізге басу айтып, бір Аллаға сыйынып ұйқыға кеттік.
Ертесінде осы желтоқсан оқиғасына қатысты әртүрлі жағымсыз да жалған мақалалар мен хабарлар теледидардан көрсетіліп, БАҚ беттерінде жазылып еркіндікті, егемендікті аңсаған қазақ жастарына түрлі күйе жағылып, қудалау басталған.
– Сол күндері фото мен бейнетаспаға түсіп қалған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын 1-курс студенті Қайрат Бабаков та оқудан шығарылды. Сол сияқты басқа мамандықтардан да, басқа институттардан да көптеген таныстарымыз оқудан шығарылып, болашақтарына балта шабылғандары қаншама?! Ал, жұмыс жасайтындары қызметтерінен алынып, ешқандай ескертусіз қуылды. Бұл бір ғана аядай Көкшетау қаласында болған толқу еді, – деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз.
Бұл оқиға тарих беттерінде қазақ жастарының қанымен, қазақ қыздарының көз жасымен жазылған кезең болатын. Бүгінгі тәуелсіздіктің, егемендіктің қалай келгені, кешегі ұлт арыстарының ізін жалғастырар ұрпақтың санасында мәңгі сақталады.