Желтоқсан оқиғасында алаңда таспаға түсіп қалған қазақ қызы: Ол күн үшін өкінбеймін...

 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бір ерекшелігі - қазақ қыздары қайсарлығы. Ал мына тарихи сурет газет бетінен қиып алынған. Арада 32 жыл өтсе де, бұл суреттің маңызы бір сәтке кеміген емес. Кейбіреулер суреттегі қыздың кейпіне қарап рух алатын болса, көпшілігі сол қыздың кейінгі тағдыры қандай болды екен деп алаңдайтыны да рас.
None
None

«Жандайшаптардың құрсауында басын төмен түсірмей қасқайып бара жатқан бұйра шашты қазақ қызы кім екен? Қайда екен? Тірі ме екен?» Көпшіліктің көкейін осы сұрақтар мазалап келді. 32 жыл бұрын таспаға түскен осы фотоға қатысты көптеген сауалдың жауабы табылып та жатыр. Әлеуметтік желінің арқасында осындай қаһармандарды оқырманмен кеңінен таныстуры мүмкіндігі де туып отыр екен. Өз суретінің Фейсбукте таралып, ел ішінде «бейтаныс қаһарман қыз» атанғанын Анар Рахымжанова осыдан 2 жыл бұрын естіген.

«Суретімнің желіде таралып жатқанын білгенмін. Жанар сіңілім айтқан. Бірақ мен Фейсбукке кірмеппін. Содан 2-3 жыл өткенде тіркеліп, көре бастадым. Белгісіз апай «Мына суреттегі қыз тірі ме екен? Бұл қыздың тағдыры не болды екен?» деп жазыпты. «Менмін. Тірімін» дедім. Сол кезде маған сұрақ жан-жақтан қойылды. «Сен емессің, мүмкін емес» деген адамдар да болды. Жазба авторы «Сенің пальтоң бар ма?» деп сұрады. Пальтом жоқ болатын. Ауылға беріп жібергенмін. Анам көрпеше тігіп тастаған. Үйге барғанда көретінмін. Кейінен ол да жоқ болды. Ал шаш үлгісі бар. Шашымның сол кездегі фотоларында  жібергенмін. Алайда, маған сенбегендер көп болды. «Желтоқсан-86» ұйымының жетекшісі Гүлбахрам Жүнісова апай да бұл суретте басқа қыз деді. Ол бойжеткен де үш күн алаңда жүрген, басынан таяқ тиген. Бірақ ол кісінің шаш үлгісі ол кезде бұйра болмаған», - деді Анар Рахымжанова.

  

Тумысынан қарапайым әрі қаһарман әйел көпшіліктің таласына түскісі келмеген екен. Әлеуметтік желіде өзін жарнамалағанды да жөн санамаған. Оның ойынша  бұл суретте кім екендігі маңызды емес. Ең бастысы бұл фото қазақ қыздарының қайсарлығының белгісі. 

«Негізі алаңға шыққан, белсенді болып жүрген бүкіл қазақтың қызы ұсталды ғой. Қайсысының тағдыры қалай болғанын ойлау да мүмкін емес. Менен де ауыр тауқымет көргендер бар. Бұл - қазақ қыздарының еңбегі. Осыны ескерген таныстарым Ішкі істер органдарына барып тіркел деп кеңес берді. Осындай кісілер қоймаған соң ІІБ тіркелем деп барғанда, уақыт өтіп кеткендіктен қабылдамады. Онда мені емес, құрбым Гүлшат Төпенованы тіркеңіздер дедім. Гүлшат - бала кезден бірге өскен досым. Алаңға екеуміз бірге шыққанбыз. Желтоқсан оқиғасынан соң жұмысқа кіре алмай қиналып кетті, денсаулығына көп зақым келді. Біраз күн өтпей-ақ Гүлшат хабарласып, рахметін айтты. Оған біреулер хабарласып, ана суреттегі шынымен Анар Рахымжанова ма деп сұраған. Ол тірі куә ғой. «Иә» деген. Осылайша көпшілік суреттегі мен екендігіне көз жеткізе бастады», - дейді ол.

Ал Анар Рахымжанова алаңда қалай тап болды? Ызғарлы Желтоқсанның 16-сы күні 19 жастағы бойжеткен Анар аулынан оралған беті екен. Жатақханада жүргенде далада қазақ жастары дыбыс зорайтқышпен алаңдағы ахуалды айтып, жастардың алаңғы шығуына ұран тастап жүрген.

«Сол сөз рух берді. Гүлшат екеумізді ешкім үгіттемеді. Осы жағдайды естідім, жұмысқа да шыққым келмей қалды. Ертеңінде сәл ауырып тұрғам, емханадан анықтама алдым да жұмысқа бармадым. Не боп жатқанын көреміз деген оймен алаңға тарттық. Ұстап, қамап жатқанын естіп отырдық. Жастармен бірге болдық. Гүлшат екеуміз көтеріліске шыққандардың толқыныменен тура саптың алдына қалай шыққанымызды білмей қалдық. Қарасам бәрі жапатармағай қашып жатыр. Әскери адамдарды көрдік. Бұрыла беріп, бір-біріміздің үстімізге құлап жығылып қалдық. Мен шашынан сүйреліп, соққы жеп, есінен танып жатқан жастарға жаным ашыды.  Өзім туралы ойламаппын да. Мені де ұстады. Сонымен мені екі жағымнан екеуі ұстап сүйреп бара жатқанда, «жіберіңдер, өзім барамын» дедім. Сол сәтте құрбым телефон будкасында тығылып отырған. Менің ұсталып бара жатқанымды көріп, ол да атып шыққанда, оны да ұстап әкетті» деп әңгімелейді қаһарман.
null

Одан ұсталғандарды бір автобусқа отырғызып Сәтбаев көшесінің бойымен алып кеткен екен. Автобуста қыздар аз болғанымен, көбісі жігіттер екен. Бәрі де қыздарға жаны ашып, оларды автобустан түсіруін талап еткен. «Жолда бір жазушы я болмаса ақын (кім екенін есіме сақтай алмай қалыппын, әйтеуір бір зиялы болатын) «босат қазақ қыздарын» деді. Бізді босатқан жоқ. Ал ана кісі қоймаған соң, жолда оның өзін түсіріп тастады. Ұзақ жүрген соң милиция учаскесіне келдік», - деді Анар Рахымжанова.

Тағдырдың жазуымен 19 жастағы Анар милициядағы қазақтар көп жұмыс істейтін Қаскелең қалалық ІІБ-ге түскен екен. Соның арқасында таяқ пен соққыдан аман қалғанын айтады.

«Бізді ешкім соқпады. Алдымыздан, қырымыздан суретке түсірді, толық мәлімет алған соң шығарып жіберді. Ол күні адамдар көп түсіп жатты. Олардың бәрін қабылдайтын орын болған жоқ. 17-сі күні ІІБ-ге адам сыймай кетті. Үлгермей жатты. Сондықтан, кейбірін қала сыртына апарып төгіп жатты дегені де рас», - деп еске алады сол сәтте кейіпкеріміз.

Сол күні қаршадай қыз қаладағы жатақханаға түн жарымында әрең жеткен екен.

«Мен бірінші келдім. Аздан соң құрбым Гүлшат келді. Оны басқа жаққа ұстап алып кеткен. Оларды ұрған. Гүлшат сол кезде басынан соққы алған, миы шайқалған. Сол алған жарақаттары әлі де сыр беріп келеді. Тіпті содан соң ауруханаға да қаралған жоқ. Ауруханалар қабылдамаған. Жұмыстан да шығып кетті. Мені өзімнің бастығым украин әйел еді, сол кісі жұмыста қалдырды. Бірақ, оқуға түссем, жоғары білімім болса деген арманыма балта шабылды», - деді Анар Рахымжанова.

Қазіргі кезде Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды халық ерекше құрметтейтіні шындық.  Алайда, бұл құрметке ие болу үшін желтоқсан қаһармандары өте үлкен қысымнан өтті. Оларды саусағын шұқып көрсететіндер көп болды, жұмыс пен оқудан қағылды, көпшілігінің сағы сынды. Қоғамдағы қысымға шыдас беруге тура келді. Бір ғана Ләззат Асанованы ақтап алуға 13 сот отырысы өткен.

«Мен милицияда шын аты-жөнімді  айттым. Кейін білгендей, өтірік есіммен тіркелгендер көп болған екен. Сол үшін мені де еш жер оқуға қабылдамады. Мен секілді көпшілігі жұмыссыз қиналып кетті. Соның ішінде құрбым Гүлшат жолдасы Қыдыр екеуі Қызылорда облысындағы ауылға кетті. Менің бастығым - украина азаматшасы мені қысымнан аман алып қалды. Соның арқасында жұмысым болды. Кейін келген қазақ басшының алдына барып «дұрыстау характеристика беріңізші» деп талай өтіндім. Бірақ бәрі бекер болды. Бәлкім оған солай болуы тиіс деп ескерткен шығар. Бір қызығы Желтоқсан көтерілісіне жастар «басшымыз қазақ болсын» деп шықты ғой», - деді кейіпкеріміз.

Қандықол жандайшаптардың құрсауында еңсесін тік ұстап, қасқайып кеткен қазақтың қайсар да намысшыл қызы қазір ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ол сонау жылдары алаңға шығып, өз талабын айтуға талпынғаны үшін тағдырдан да талай тәлкек көрген. Кейіннен «қара тізімде» болғандықтан, еш жерге жұмысқа қабылданбаған. Амалсыз базарда саудаға шыққан.

«Отбасылы болған соң басқа өмір басталып кетті. Тұрмысқа 20 жасымда шықтым, екі балам бар. Қызымды ұзаттым. Келінім, 1-2 айлық немерем бар. Кейде орысша сөйлеп, басқа құндылықтарды құрметтейтін жастарды көргенде ішім ашиды. Бұның барлығы тәрбиеден. Бала емес, ата-анасы кінәлі. Мен Алматыда қалдым, 1 жылдан соң тұрмысқа шығып, шамамыз келгенше үй салдық. Бізде қазақ мектебінен орыс мектебі жақын болатын. Бірақ біз баламызды алыс болса да қазақ мектебіне бердік. Бала қай тілде оқыса, сол тілге қызмет етеді. Балаға кішкене кезінен тәрбиені беретін де, ұлттық құндылықтарды дарытатын да ата-анасы», - деді Анар Рахымжанова.

Қазір елуді еңсеріп қалған Желтоқсан оқиғасының қатысушысы өмірінің балауса кезінде алаңға шығып, ұлтының құқығы үшін оқудан қудаланғанына бір сәтке де өкінбейді.

«Білесіз бе? Мен өкінбеймін. Тек адамдарға деген көзқарасым өзгерді. Мен мүмкін оқу оқып, жоғары білім ала алмаған шығармын. Ғалым болып, ғылымға үлес қоспаған шығармын. Бірақ, мен жүрегімдегі патриотизм отын ұрпақтарыма қалдыра алдым. Мен елін, жерін сүюді ісіммен көрсете алдым. Жақсы бала тәрбиелеп, түтінін түзу ұшырған жақсы отбасын құра білдім. Мен сияқты қазақтың мыңдаған қызы бар. Мүмкін олар суретке түспей қалған шығар. Бірақ менен де ары тауқымет көріп, денсаулығын тәуелсіздік жолында құрбан еткендер қаншама. Олардың барлығына құрметім шексіз», - деді Анар Рахымжанова. 

Соңғы жаңалықтар