Женевада Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев Бүкілқытайлық халықтар өкілдері Тұрақты кеңесінің төрағасы У Бангомен жүздесті

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат - Женева қаласында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысып жатқан Парламент төрағаларының бүкіләлемдік үшінші конференциясының жұмысы аяқталып келеді.

Женевада Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев Бүкілқытайлық халықтар өкілдері Тұрақты кеңесінің төрағасы У Бангомен жүздесті

Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық делегация басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілқытайлық халықтар өкілдері Тұрақты кеңесінің төрағасы У Бангомен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар халықаралық істерде бір-біріне қолдау білдіру барысына, тығыз экономикалық байланыстардың орнатылуына және саяси сенімге құрылған Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарына қанағаттанушылық білдірді.

Сіздердің елдеріңіз жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстан шығуда әлемдік экономиканың «локомотивіне» айналды, сіздердің іс-тәжірибелеріңіз әлемдік қауымдастықтағы көптеген елдерге тиімді, дей отырып, Қ.Тоқаев БҚХӨ Тұрақты комитеті төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Жүздесушілер Қытай басшысы Ху Цзиньтаоның жуырда Астанаға жасаған сапары мен оның Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуін жоғары бағалап, олардың нәтижелері Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігін одан әрі дамыту жолына тың серпін бергенін атап өтті.

Аймақтағы қауіпсіздік пен қырғыз елінде қалыптасқан ахуалдың мәселелеріне тоқталып өткен тараптар осы бағыттағы ортақ ұстанымдарға қанағаттанушылық білдірді. Тараптар сонымен қатар, Қырғызстанда тұрақтылықты, қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті тез арада толықтай қалпына келтіру мақстаында осы елге гуманитарлық көмек көрсету қажеттігін атап өтті.

Кездесуге сенатор Орынбай Рахманбердиев және Мәжіліс депутаты Бағила Баймағамбетова қатысты.